Қазақстан мен Иран зияткерлік меншік саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда

21 қарашада Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Зияткерлік меншік құқығы комитетінің төрағасы Ш.Т. Әбдіреева мен Иран Ислам Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Джоукар Али Акбар мырзаның кездесуі өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Тараптар зияткерлік меншік саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктерін талқылап, осы бағыттың инновациялық және экономикалық даму үшін стратегиялық маңыздылығын атап өтті.

Иран тарапы бизнес мүддесі үшін зияткерлік меншік құқықтарын қамтамасыз етуге ықпал ететін заңнамалық актілер мен тәжірибе алмасу арқылы неғұрлым тығыз ынтымақтастық орнатуға терең қызығушылық танытты. Иран елшісі мұндай ынтымақтастық екі елдің стартаптарын, инновациялық компанияларын және жоғары технологиялық салаларын қолдау үшін маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Сондай-ақ Иран тарапынан осы саладағы ынтымақтастық туралы екіжақты келісім жасасу мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.

Қазақстандық тарап ДЗМҰ мен ДСҰ келісімдерін қоса алғанда, зияткерлік меншік саласындағы халықаралық келісімдерге өзінің бейілділігін растады, сондай-ақ зияткерлік меншік мәселелері бойынша ынтымақтастық туралы екіжақты келісімнің жобасын әзірлеуге дайын екенін білдірді.

Сондай-ақ Иран тарапы Ираннан келген мамандар үшін пайдалы болуы мүмкін зияткерлік меншік мәселелері бойынша қазақстандық білім беру бағдарламаларына қызығушылық танытты. Бұған жауап ретінде Қазақстан ДЗМҰ-мен бірлескен жобаны атап өтті, оның шеңберінде Maqsut Narikbayev University-де ағымдағы жылдың қыркүйек айынан бастап зияткерлік меншік құқықтары және бизнес бойынша магистрлік бағдарламада оқыту басталғаны айтылды. Сонымен қатар, Ираннан келген мамандардың Қазақстанда жыл сайынғы негізде өткізілетін ДЗМҰ жазғы мектебіне қатысу мүмкіндігі атап өтілді.

Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Зияткерлік меншік құқығы комитеті мен Иран Ислам Республикасының Елшілігі диалогты жалғастыруға уағдаласты және одан әрі бірлескен іс-қимыл жоспарын белгіледі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Әділет министрлігі
Өзгелердің жаңалығы