Қазақстан мен Иран туризм және спорт саласындағы ынтымақтастықты дамытуды талқылады
Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов елордада Иран Ислам Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Әли Акбар Джоукар мырзамен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Кездесу барысында тараптар туризм және спорт саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың негізгі мәселелерін талқылады.
Министр екі ел арасындағы көп ғасырлық тарихи байланыстарға тоқталып, Иран спортшылары ел астанасында ұйымдастырылған 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында сәтті өнер көрсеткенін атап өтті.
Ербол Мырзабосынов бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін ынтымақтастықтың маңызына сенім білдірді.
Иранның саяхатшыларын, туристік қауымдастық өкілдерін еліміздің бай мәдени және тарихи мұрасымен танысуға және туристік көрмелерге қатысуға шақырамыз. Сондай-ақ Қазақстан спорт саласындағы байланыстарды дамытуға ерекше мән береді. Ирандық спортшыларды елімізде өтетін жарыстарда көруге қуаныштымыз. Аталған бағыттар бойынша ынтымақтастықты нығайтуға дайынбыз, – деді Ербол Мырзабосынов.
Өз кезегінде, Әли Акбар Джоукар Қазақстан мен Иран арасындағы қарым-қатынастарды одан әрі дамыту үшін үлкен әлеует бар екенін айтып, Иранның Түркия, Өзбекстан және Тәжікстанмен ынтымақтастықтың табысты тәжірибесіне сүйене отырып, Қазақстандағы туристік ағымды ұлғайтуға көмектесуге дайын екенін жеткізді.
Сонымен қатар Елші мырза медициналық туризмді қоса алғанда, жаңа туристік бағыттарды дамытуға қызығушылық танытты.