Қазақстан мен Германияның сейсмикаға төзімді құрылыс саласындағы ынтымақтастығы нығайып келеді

Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты германиялық Maurer SE компаниясымен өзара әріптестікті кеңейтіп келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл ынтымақтастық азаматтық нысандардың сейсмикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін өнімдерді әзірлеуге бағытталған.

Еуропалық компания ғимараттар мен құрылыс нысандарына арналған сейсмооқшаулау жүйелерін шығаруға маманданғанын айта кету керек. Осы бірлескен жұмыс арқылы азаматтық әрі өнеркәсіптік мақсаттағы ғимараттар мен құрылыстарда, сондай-ақ еліміздегі көлік инфрақұрылымының нысандарында (техникалық нормалауды, жобалауды, құрылысты жүргізуді, пайдалану мен күтіп ұстауды ескере отырып) сейсмикалық оқшаулау жүйелерін тәжірибеге енгізу жоспарланып отыр.

Бұл ретте биыл наурызда тараптар өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойғанын естеріңізге сала кетейік. Соған сәйкес сейсмикаға төзімді құрылыс нысандарының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін өнімдерді өндіріп, германиялық технологияларды Қазақстанның техникалық нормаларына, қажеттіліктері мен жергілікті жағдайға сай бейімдеу көзделген. Алдағы маусым айында шетелдік компанияның шақыртуымен «ҚазҚСҒЗИ» мамандары Германияға арнайы барып, Maurer SE өнімдерінің сынақ жұмыстарын бағамдайтын болады. Осы сапарда аталған өнімдерді Қазақстанның нарығына одан әрі ілгерілетудің техникалық мүмкіндіктері пысықталады.

«ҚазҚСҒЗИ» АҚ бас директоры Бегман Құлбаев Қазақстандағы құрылыс нысандарының қауіпсіздігін арттыруға бағытталған осындай жұмыс Италия және Жапонияның жетекші компанияларымен жалғасатынын жеткізді.

Maurer SE – ғимараттар мен құрылыс нысандарын қорғауға арналған жүйелерді әзірлейтін әлемдік көшбасшыға айналған. Олардың тың шешімдері мен технологияларын елімізге әкеліп, енгізуге мүдделіміз. Біздің институт Қазақстанда сейсмикаға төзімді құрылыс мәселелері бойынша жалғыз мамандандырылған мемлекеттік ғылыми-зерттеу және жобалау ұйымы болып саналатындықтан Maurer SE-нің өнімдерін ҚР-ның заңдарына сәйкес бейімдеуге ықпал етуге дайын, - деді институттың басшысы.

Отандық мамандар айтқандай, шетелдік ғылыми, жобалау және құрылыс ұйымдарының өкілдерімен тәжірибе алмасу арқылы елімізде сейсмоқауіпсіздік саласындағы озық жетістіктерді пайдаланудың үлесі артады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: BAQ.KZ
Өзгелердің жаңалығы