Кездесуге Қазақстанның министрліктері, ұлттық компаниялары мен бизнес өкілдері, сондай-ақ Германияның Siemens Energy, CLAAS, WILO, KNAUF, Deutsche Bahn, KfW Bankengruppe, Deutsche Bank және басқа да ірі компаниялары қатысты.
Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров екі ел арасындағы экономикалық әріптестікті жаңа деңгейге шығарып, нақты инвестициялық жобаларды көбейту маңызды екенін атап өтті. Германия тарапы да Қазақстанға қызығушылықтың жоғары екенін жеткізді.
Герман экономикасының Шығыс комитетінің атқарушы директоры Михаэль Хармстың айтуынша, Қазақстан Орталық Азиядағы герман бизнесі үшін барған сайын маңызды нарыққа айналып келеді.
Кездесуде өнеркәсіп, энергетика, машина жасау, көлік және логистика, "жасыл" технологиялар, сыни шикізатты өңдеу, өндірісті оқшаулау және технология трансфері мәселелері талқыланды. Қазіргі таңда Қазақстанда герман капиталының қатысуымен 1 100-ден астам компания жұмыс істейді.
Сонымен қатар герман инвесторларына "Бәйтерек" холдингінің қаржыландыру мүмкіндіктері таныстырылды. Тараптар Транскаспий халықаралық көлік бағытын, яғни Орта дәлізді дамытуға және Alatau City-дің инвестициялық әлеуетіне де назар аударды.
Кездесу қорытындысында Қазақстан мен Германия бизнес өкілдері арасындағы тікелей байланысты кеңейтіп, бірлескен инвестициялық және технологиялық жобаларды іске асыруға дайын екендерін растады.