Қазақстан мен Финляндия сауда және инвестициялық байланыстарды тереңдетуге ниетті
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Финляндия Республикасының президенті Александр Стуббпен ресми келіссөз жүргізді. Тараптар сауда-инвестициялық, гуманитарлық және сыртқы саясат салаларындағы өзара ықпалдастықты тереңдету мәселелерін қарастырды, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақордаға сілтеме жасап.
Кездесу барысында Президент Тоқаев Финляндия басшысының Қазақстанға сапары екіжақты қатынастарға жаңа серпін беретініне сенім білдірді.
Сіздің сапарыңыз – екіжақты ынтымақтастықты дамытуға тың серпін беру тұрғысынан өте маңызды. Қазақстан мен Финляндия арасында достыққа әрі өзара түсіністікке негізделген ықпалдастық орнаған. Екі елдің ортасында шешімін таппаған мәселе жоқ. Дегенмен инвестиция және сауда салаларында бірқатар мүмкіндік бар, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент сондай-ақ Финляндияның бастамасымен өтіп жатқан бизнес-форумға қатысатынын айтып, оның екі ел кәсіпкерлері арасындағы іскерлік байланыстарды нығайтуға зор үлес қосатынын атап өтті.
Гуманитарлық ынтымақтастыққа айрықша мән береміз. Қазақстандықтар Финляндияны, сіздердің мәдениеттеріңізді құрметтейді. Көптеген отандасымыз Сіздің елге турист ретінде жиі барады. Сапарыңыз мемлекеттер арасындағы серіктестікті нығайту үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады, – деді Мемлекет басшысы.
Өз кезегінде Финляндия Президенті Александр Стубб екі ел арасындағы серіктестіктің тарихи тамыры терең екенін айтты.
Бұл менің Қазақстанға үшінші мәрте келуім. Алғаш рет 2008 жылы мен Сыртқы істер министрі, ал сіз Сенат спикері лауазымын атқарған кезде жүздескен едік. Бұл жолы екі бағытқа баса назар аударамыз деп ойлаймын. Бірінші – өзара қарым-қатынас және іскерлік байланыстар. Бүгін Финляндиядан 20-дан астам ірі компанияның өкілдері бар үлкен делегация келді, - деді Александр Стубб.
Финляндия басшысы Астана көшелерінен өз елінің танымал брендтерін көргенін айтып, бұл екі ел арасындағы экономикалық қатынастың өсіп келе жатқанын көрсетерін жеткізді.
Келіссөздің екінші бағыты – сыртқы саясат және қауіпсіздік. Бірқатар мәселе бойынша ұстанымдарымыз ұқсас, күрделі халықаралық жағдайлардың шешімін табуға бірлесе ұмтыламыз, – деді Александр Стубб.
Кездесу қорытындысында тараптар екі ел арасындағы саяси диалогты, экономикалық әріптестікті және гуманитарлық байланыстарды одан әрі нығайтуға дайын екендерін растады.
Еске сала кетейік, «Ақорда» резиденциясында Финляндия президентін қарсы алу рәсімі өтті.