28 Қараша 2026, 21:45 Фото: СІМ

Қазақстан мен Финляндия құрылыс пен энергетикадағы әріптестікті кеңейтпек

Бизнес-кездесу барысында қазақстандық делегация елдің инвестициялық ахуалын, шетелдік инвесторларды мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы тетіктерін, сондай-ақ перспективалы жобалар мен инфрақұрылымды дамытудың басым бағыттарын таныстырды.

Финляндия астанасында EastCham Finland халықаралық сауда палатасының қолдауымен Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктеріне арналған кеңейтілген бизнес-кездесу өтті.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Энергетика және Өнеркәсіп және құрылыс министрліктерінің, "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ, "Астана" халықаралық қаржы орталығы және "Kazakh Invest" ҰК" АҚ өкілдері, сондай-ақ "Elematic", "Peikko Group", "Konecranes", "Sweco Finland", "Valio" және "Valmet Flow Control" секілді 30-ға жуық фин компаниясының басшылары қатысты.

Қазақстанның Финляндиядағы Елшісі Азамат Абдраимов құттықтау сөзінде екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту үшін зор әлеует бар екенін атап өтті. Ол Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген басымдықтарға, атап айтқанда, 2027 жылды жалпыұлттық ауқымдағы құрылыс жылы деп жариялау бастамасына ерекше назар аударды. Оның айтуынша, елімізде ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру фин бизнесі үшін құрылыс технологиялары, энергия тиімділігі, инженерлік шешімдер және заманауи жабдықтарды жеткізу салаларында кең мүмкіндіктер ашады.

Бизнес-кездесу барысында қазақстандық делегация елдің инвестициялық ахуалын, шетелдік инвесторларды мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы тетіктерін, сондай-ақ перспективалы жобалар мен инфрақұрылымды дамытудың басым бағыттарын таныстырды.

Сұрақ-жауап сессиясы аясында Қазақстандағы инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру кезінде фин технологиялары мен инженерлік шешімдерін қолдану мәселелері бойынша мазмұнды пікір алмасу өтті. Атап айтқанда, фин кәсіпкерлері бизнес жүргізу шарттарына, инвесторларды қолдау тетіктеріне, өндірісті жергіліктендіруге, бірлескен кәсіпорындар құруға және қазақстандық жас мамандарды жұмысқа тартуға қызығушылық танытты.

Кездесуге қатысушылар өнеркәсіп, құрылыс, энергетика, машина жасау, көлік және логистика, цифрландыру және таза технологиялар салаларындағы ынтымақтастық перспективаларын да талқылады. Фин компанияларының технологиялық сараптамасын Қазақстанның инвестициялық және өнеркәсіптік әлеуетімен ұштастыру мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.