Бүгiн 2026, 06:35 Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Қазақстан мен Еуропалық комиссия ғылыми-инновациялық ынтымақтастықты күшейтеді

Кездесуде Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы ғылыми-инновациялық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды.

Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Еуропалық комиссияның стартаптар, зерттеулер және инновациялар жөніндегі комиссары Екатерина Захариевамен кездесті.

Кездесуде Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы ғылыми-инновациялық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, қазақстандық жоғары оқу орындарының, ғылыми ұйымдар мен инновациялық компаниялардың еуропалық зерттеу бағдарламаларына, соның ішінде Horizon Europe жобаларына қатысу мүмкіндіктеріне назар аударылды.

Министр Қазақстанда ғылым мен технологиялық саясатты дамыту бағытында жүргізіліп жатқан реформалар туралы айтып, цифрлық гранттық конкурстарды енгізу, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру, ғылым мен бизнес арасындағы байланысты нығайту, сондай-ақ инновациялар мен стартаптарды қолдау тетіктерін жетілдіру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырды.

Тараптар қазақстандық ұйымдардың еуропалық ғылыми консорциумдарға қатысу перспективаларын, жас ғалымдарды даярлау, жасанды интеллект, deep-tech технологиялары, инженерлік шешімдер мен стратегиялық материалдар салаларын дамыту мәселелерін талқылады. Сонымен қатар академиялық ұтқырлықты арттыру және зерттеу инфрақұрылымын дамытуға ерекше назар аударылды.

Кездесу барысында ұлттық байланыс орталықтары, университеттер, ғылыми ұйымдар мен стартап-экожүйелер арасындағы үйлестіруді күшейту қажеттігі атап өтілді. Сондай-ақ ғылыми нәтижелерді коммерцияландыруға, кадр даярлауға және технологиялық әзірлемелерді дамытуға бағытталған бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері қаралды.

Саясат Нұрбектің айтуынша, Еуропалық комиссиямен зерттеулер, инновациялар және стартаптар саласындағы серіктестік Қазақстанның жаһандық білім мен технология кеңістігіне ықпалдасуындағы маңызды бағыттардың бірі болып табылады. Оның пікірінше, мұндай әріптестік ғылым, технология және адами капиталға негізделген жаңа экономиканы қалыптастыруға мүмкіндік береді.