Қазақстан мен «Доңға» операторы дауды реттеді: Ел экономикасына қандай пайда түседі?
Келісім Қазақстанға қаржылық өтемақы алуға, мұнай өндірісін арттыруға және кен орнын игеруге жаңа инвестиция тартуға мүмкіндік береді.
Қазақстан мен «Доңға» кен орнын игеруші оператор арасындағы көпжылдық дау реттелді. 5 қазанда Астанада тараптар мердігердің тарихи шығындарын өтеуге қатысты даулы мәселелерді шешу туралы келісімге қол қойды. Құжат Қазақстанның пайдасына қаржылық өтемақы төлеуді және кен орнын игеруге жаңа инвестициялар тартуды көздейді. Енді 2026–2039 жылдарға арналған жоспар аясында 67,4 млн баррель мұнай өндіру қарастырылған. Бұл келісім Қазақстан экономикасына қандай пайда әкеледі және оның нәтижесі қалай бағаланбақ? Толығырақ BAQ.KZ тілшісінің материалында.
Көпжылдық дау қалай шешілді?
Энергетика министрлігінің редакцияның ресми сауалына берген жауабына сәйкес, кен орны бойынша келісім мердігердің жекелеген тарихи шығындарын өтеуге қатысты көпжылдық дауды реттеуге бағытталған. Қол жеткізілген уағдаластықтар Қазақстанның пайдасына қаржылық өтемақы төлеуді және кен орнын игеруге арналған инвестицияларды жалғастыруға жағдай жасауды көздейді.
Алайда министрлік ӨБК талаптары мен дауды реттеу туралы келісімнің құпия сипатқа ие екенін атап өтті. Осыған байланысты өтемақының нақты сомасы мен келісімнің өзге қаржылық шарттары жарияланған жоқ.
Ведомствоның мәліметінше, даудың реттелуі 2026–2039 жылдарға арналған кен орнын игерудің жаңа жоспарын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Жоспарда 67,4 млн баррель мұнай өндіру, капиталдық және операциялық инвестициялар тарту қарастырылған. Министрлік бұл уағдаластықтар ұзаққа созылатын сот рәсімдеріне жүгінбей-ақ мемлекеттің экономикалық мүддесін қорғауға және жаңа инвестициялық циклді бастауға жол ашатынын мәлімдеді.
Даудың реттелуі 2026–2039 жылдарға арналған кен орнын игерудің жаңа жоспарын іске асыруға мүмкіндік береді. Құжатта 67,4 млн баррель мұнай өндіру, сондай-ақ, капиталдық және операциялық инвестициялар тарту көзделген, - делінген Мұнай игеру және өндіру департаментінің редакция сауалына берген жауабында.
Даулы шығындардың шешілуі мемлекетке не береді?
Мұнай-газ сарапшысы, SPEE мүшесі Абзал Нарымбетовтің пікірінше, келісімнің басты экономикалық мәні – бұған дейін өтелуі даулы болған шығындар мәселесінің шешілуінде. Оның айтуынша, дау 2013–2019 жылдардағы, яғни Maersk Oil мен Total компаниялары жобаны басқарған кезеңдегі шығындарға қатысты болған.
Сол жылдары кен орнының екінші кезеңіне шамамен 1 млрд доллар жұмсалып, 198 ұңғыма бұрғыланды. Тәулігіне 30 мың баррель мұнай өндіру жоспарланғанымен, 2023 жылы нақты өндіріс тәулігіне небәрі 11 мың баррель болды. Нәтижесі күткен деңгейге жетпеген шығындарды толық өтеуге мемлекеттің келіспеуі заңды деп санаймын. Өнімді бөлу туралы келісім тетігі бойынша мердігердің өтелген әрбір доллары мұнаймен қайтарылады. Бұл ретте бюджетке тиесілі пайда мұнайының көлемі азаяды. Сондықтан даулы шығындардың бір бөлігі өтелмейтін болып танылса, мемлекет болашақта көбірек пайда мұнайын алады, – дейді сарапшы.
Абзал Нарымбетов мұны 2024 жылы келісімшартты ұзарту кезінде белгіленген шарттармен байланыстырады. Оның айтуынша, сол кезде мемлекеттің пайда мұнайындағы үлесі 40%-дан 60%-ға дейін көтерілген. 2025 жылы бюджетке 40 млрд теңге түскен, оның 32 млрд теңгесі республиканың пайда мұнайындағы тікелей үлесі болған.
Жалпы алғанда, жобаның таза пайдасының шамамен 70%-ы мемлекетке тиесілі. Ал “ҚазМұнайГаздың” 60% үлесі арқылы бұл көрсеткіш одан да жоғары болуы мүмкін, – дейді ол.
Бұл ретте келісімнің қаржылық нәтижесін бағалау үшін өтемақының нақты сомасымен қатар, алдағы жылдары мемлекетке түсетін пайда мұнайының көлемі мен кен орнын игеруге жұмсалатын шығындардың арақатынасына да назар аудару қажет. Келісімнің толық шарттары жарияланбағандықтан, оның барлық қаржылық нәтижесін ашық деректер негізінде есептеу әзірге мүмкін емес.
67,4 млн баррель: Экономикалық маңызы қандай?
Жаңа жоспар бойынша 2026–2039 жылдары 67,4 млн баррель мұнай өндіру көзделген. Абзал Нарымбетовтің есебінше, бұл шамамен 9,2 млн тоннаға тең. Оның айтуынша, республика көлемінде бұл үлкен көрсеткіш емес, жылдық мұнай өндірісінің 1%-ынан аз. Бірақ Доңға кен орны үшін оның маңызы зор.
Жоспар өндірісті 2025 жылғы 677 мың тоннадан жылына 850 мың тоннаға дейін арттыруды көздейді. Бұл – шамамен 25% өсім. Яғни жетілген кен орнының өндірісі төмендеуін тоқтатып, қайта өсу траекториясына шығуы мүмкін. Қазіргі бағамен есептегенде, жоспарланған мұнай көлемінің құны 4–4,5 млрд доллар шамасында, – дейді сарапшы.
Бұл – жоспарланған өндіріс көлемінің болжамды жалпы құны. Оны Қазақстанның таза табысы деп қарастыруға болмайды. Мемлекетке түсетін нақты кіріс мұнай бағасына, өндіру шығындарына, салықтарға және ӨБК талаптарына байланысты болады.
Абзал Нарымбетовтің түсіндіруінше, Қазақстанның табысы бірнеше арна арқылы қалыптасады. Олардың қатарында пайда мұнайындағы мемлекеттің 60% үлесі, корпоративтік табыс салығы мен ӨБК-де көзделген төлемдер, сондай-ақ «ҚазМұнайГаздың» өз үлесінен түсетін кіріс бар.
Сарапшы резервтер аудиторы ретінде кен орнын игерудің жаңа жоспарының тағы бір қырына назар аударады. Оның пікірінше, бекітілген даму жоспары мен шешілген коммерциялық шарттар SPE-PRMS халықаралық жүйесі бойынша ресурстарды дәлелденген қорлар санатына ауыстыруға негіз болуы мүмкін. Бұл активтің құнын арттырып, болашақта серіктестермен келіссөз жүргізген кезде «ҚазМұнайГаздың» позициясын күшейтуі ықтимал.
Геологиялық қор 106 млн тоннадан асады. Демек, кен орнының әлеуеті әлі толық ашылған жоқ, – дейді Абзал Нарымбетов.
Жаңа инвестиция Маңғыстауға қалай әсер етуі мүмкін?
Даудың реттелуі тек өтемақы алумен шектелмейді. Келісімнің маңызды бөлігі – кен орнын игеруге инвестиция тартуды жалғастыру. Бұл өндірістік инфрақұрылымды жаңартуға, жаңа ұңғымалар бұрғылауға және мұнай өндіру көлемін арттыруға мүмкіндік беруі мүмкін.
Абзал Нарымбетовтің айтуынша, өтелетін шығындарға қатысты дау шешілмеген кезде жаңа инвестиция салу тәуекелді болған. Енді мәселенің реттелуі «ҚазМұнайГазға» жаңа инвестициялық кезеңді бастауға мүмкіндік береді. Сарапшы мұны ұлттық компанияның 2023 жылы Доңға жобасындағы үлесті 358,5 млн долларға сатып алуымен де байланыстырады. Оның пікірінше, өтелетін шығындар жөніндегі дау шешілмейінше, активтің толық әлеуетін ашу қиын еді.
Инвестицияның нақты көлемі әзірге жарияланған жоқ. Сарапшының айтуынша, жетілген кен орындарында қаражат негізінен жаңа ұңғымалар бұрғылауға, геологиялық-техникалық шараларға және мұнай бергіштікті арттыруға жұмсалады. Бұл өз кезегінде Түпқараған ауданы мен Ақтаудағы бұрғылау, сервистік қызмет көрсету және көлік компанияларына тапсырыстар әкелуі мүмкін.
Мұндай тапсырыстар мұнай саласына тәуелді Маңғыстау экономикасы үшін маңызды. Бірақ оның жергілікті экономикаға нақты әсері жергілікті қамту талаптарының қаншалықты орындалатынына байланысты. Инвестицияның өңірге пайдасын бағалау үшін отандық компаниялардың жобаға қатысуына назар аудару керек, – дейді Абзал Нарымбетов.
Оның пайымынша, болашақта SOCAR компаниясының жобаға кіруі де ықтимал. Мұндай қадам күрделі шығындарды бөлісуге және Каспий арқылы мұнай тасымалдау бағытындағы әріптестікті нығайтуға мүмкіндік беруі мүмкін. Сарапшы қандай серіктес тартылса да, операторлық пен бақылау үлесінің «ҚазМұнайГазда» қалғаны маңызды екенін атап өтті.
Инвесторларға қандай сигнал берілді?
Доңға бойынша келісімнің мәні экономикалық көрсеткіштермен ғана шектелмейді. Оның нәтижесі Қазақстанның жер қойнауын пайдаланушылармен қарым-қатынасына және басқа даулы жобалар бойынша келіссөздеріне де ықпал етуі мүмкін.
Абзал Нарымбетов Доңғадағы дауды Өнімді бөлу туралы келісімдер шеңберінде өтелетін шығындарға қатысты үш ірі даудың бірі ретінде сипаттайды. Оның айтуынша, Қарашығанақ бойынша 2026 жылғы қаңтарда халықаралық арбитражда Қазақстанның жеңісі жарияланған, ал Қашағанға қатысты 160 млрд долларлық арбитраж әлі жалғасып жатыр.
Осы үш даудың жиынтығы инвесторларға нақты сигнал береді: мемлекет өз мүддесін арбитражда да қорғай алады, бірақ мүмкіндік болса, келіссөзді таңдайды. Доңғадағыдай даулы шығындарды реттеп, сонымен бірге жаңа даму жоспарын бекіту – тиімді тәсіл. Дегенмен Доңғада бақылау үлесі “ҚазМұнайГаз”-да болғандықтан, келіссөз жүргізу жеңілірек болды. Қашағандағы ірі халықаралық компаниялармен ортақ шешімге келу әлдеқайда күрделі, – дейді сарапшы.
Абзал Нарымбетов келісімнің дипломатиялық қырына да назар аударады. Құжатқа қол қою рәсімі Оман сұлтаны Хайсам бен Тариктің Қазақстанға мемлекеттік сапарының бірінші күні – 5 қазанда өтті. Сапар 5–6 қазанда ұйымдастырылды. 6 қазанда Сұлтан Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірге Астана халықаралық қаржы орталығына барды. Оманның жаңадан құрылған халықаралық қаржы орталығы мен АХҚО арасындағы ынтымақтастық та дамып келеді.
Сарапшы Оманның Қазақстан мұнай саласындағы бұрыннан келе жатқан серіктес екенін еске салады. Оман Каспий құбыр консорциумының құрылтайшыларының бірі болған. 2008 жылғы қазанда компания өзінің 7% үлесін шамамен 700 млн долларға «Транснефтьке» сатып, жобадан шыққан. Сол кезде Оманның Қазақстандағы активтер портфеліне Доңға мен «Жемчужина» жобаларындағы 20%-дық үлестер де кірген.
Нарымбетовтің айтуынша, Доңғадағы даудың шешілуі Total компаниясы жобаны басқарған кезеңнен қалған мәселелерді реттеуге де қатысты. Ал Total Қашаған жобасының негізгі серіктестерінің бірі болғандықтан, Доңғадағы келісім басқа келіссөздер үшін де тәжірибе бола алады. Сонымен бірге «ҚазМұнайГаздың» SOCAR-мен Доңға жобасына қатысу мәселесін талқылап жатқаны расталған. Екі ұлттық компания арасында Қазақстан мұнайын Әзербайжан арқылы тасымалдау жөніндегі келісімдер де бар.
Қазақстанның инвестициялық ұстанымы қандай болуы керек?
Экономист-сарапшы Айбар Олжай Доңға бойынша даудың шешілуін Қазақстан үшін маңызды инвестициялық сигнал деп бағалайды. Оның пікірінше, шешілмей тұрған мәселені реттеу жаңа инвестициялық циклді бастауға мүмкіндік береді.
Бұл мәселені шешу керек болды және ол шешілді. Бұл – Қазақстан үшін үлкен инвестициялық сигнал. Келесі мәселелерді де шешуге болады. Экономикаға жаңа инвестициялық цикл бастау керек деп ойладық. Ол үшін екі тараптың арасында шешілмей тұрған мәселелерді ортаға салып, шешу қажет болды. Дәл осы мәселенің шешілуі келесі инвестициялық циклді бастауға мүмкіндік береді. Ең бастысы, инвестициядан бас тартылған жоқ, – дейді Айбар Олжай.
Сарапшының айтуынша, инвестор үшін мемлекеттің ұстанымы нақты әрі түсінікті болуы маңызды. Қазақстан дауды реттеу арқылы жұмыстың бір орында тұрып қалмауы керектігін көрсетті. Оның пікірінше, бұл елде жұмыс істеуге болатынын және мемлекеттің инвестицияға қатысты белгілі бір талаптары бар екенін аңғартады.
Мемлекет “мәселені шешеміз, одан әрі жұмыс жалғасады” деген ұстаным білдірді. Бұл маңызды, себебі көптеген инвестор үшін жұмыстың тоқтап қалмай, алға жылжуы өте маңызды. Қазақстан нақты сигнал берді: мәселені шешеміз, содан кейін басқа мәселелерге байланысты жұмыс тоқтап қалмайды. Осы тұрғыдан алғанда, біз өте маңызды қадам жасадық. Жаңа инвестициялық циклге жол ашып, инвесторға нақты әрі түсінікті ұстанымымызды көрсеттік, – дейді экономист.
Айбар Олжай Доңға кен орнының әлі де даму әлеуеті бар екенін айтады. Оның сөзінше, барланбаған қорлар да бар, сондықтан өндірісті одан әрі дамытуға мүмкіндік жеткілікті. Кен орны ішкі нарықты мұнаймен қамтамасыз етуге және елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға да үлес қоса алады.
Сарапшы бұл келісімнің маңызын алда күтіп тұрған күрделі келіссөздермен де байланыстырады. Оның айтуынша, сондай мәселелердің бірі – Теңіз кен орны бойынша келіссөздер. Бұл бағыттағы мәселені 2033 жылға дейін шешу қажет. Айбар Олжайдың пікірінше, биыл маңызды келіссөздер басталған, ал алдағы бір-екі жылдың ішінде нақты шешім қабылдануы мүмкін.
Доңға төңірегіндегі жағдай Қазақстанның инвесторлармен қалай жұмыс істейтінін, инвестицияға қатысты қандай талаптары бар екенін көрсетті. Басқа инвестициялық міндеттемелерге қатысты да Қазақстанның ұстанымы түсінікті әрі болжамды болуы керек. Мемлекет кез келген сәтте пікірін өзгерте бермейтін, келісілген міндеттемелерді ұстанатын серіктес ретінде қабылданғаны маңызды. Осы жағынан алғанда, бұл келісімнің біз үшін маңызы зор, – дейді ол.
Келісімнің нәтижесі немен өлшенеді?
Доңға бойынша даудың реттелуі Қазақстанға қаржылық өтемақы алуға және кен орнын игеруді жалғастыруға мүмкіндік береді. Жаңа жоспар өндіріс көлемін арттыруды көздейді, ал инвестицияның жалғасуы мұнай өндіру инфрақұрылымына және Маңғыстаудағы сервистік компанияларға ықпал етуі мүмкін. Сонымен қатар келісім ұлттық компанияның активті басқару мүмкіндігіне және басқа инвесторлармен келіссөз жүргізудегі позициясына да әсер етуі ықтимал.
Дегенмен келісімнің нақты экономикалық тиімділігін бағалау үшін алдағы жылдары жоспарланған мұнай өндіру көлемінің орындалуына, бюджетке түсетін кіріске, инвестицияның нақты мөлшеріне, жергілікті компаниялардың жобаға қатысуына және өндірістің өзіндік құнына назар аудару қажет. Қаржылық өтемақының сомасы мен келісімнің толық шарттары жарияланбағандықтан, Қазақстанның түпкілікті экономикалық ұтысын қазір нақты есептеу мүмкін емес.
Демек, Доңға бойынша келісімнің басты нәтижесі – даудың аяқталуымен қатар, кен орнын игерудің жаңа кезеңіне жол ашылуы. Оның ел экономикасына қаншалықты пайда әкелетінін алдағы жылдардағы өндіріс пен бюджет кірісінің нақты көрсеткіштері айқындайды.