8 Қазан 2026, 21:17 Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

Қазақстан мен ДДҰ климаттық қауіптердің денсаулыққа әсерін азайтуды көздейді

Тараптар климаттың өзгеруіне байланысты денсаулыққа төнетін қауіптерге ерекше назар аударды.

Қазақстан мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) климат өзгерісінің халық денсаулығына әсерін азайту және медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру бағытындағы ынтымақтастықты кеңейтуді жоспарлап отыр.

Бұл мәселелер Қазақстанның Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мен ДДҰ Еуропалық өңірлік бюросы директорының міндетін атқарушы Коринн Капуаноның Түрікменстанның Аваза қаласында өткен кездесуінде талқыланды.

Тараптар климаттың өзгеруіне байланысты денсаулыққа төнетін қауіптерге ерекше назар аударды. Атап айтқанда, аптап ыстық, ауаның ластануы және басқа да экологиялық факторлардың адам денсаулығына әсері сөз болды.

Қазақстан ДДҰ және БҰҰ-ның Халық қоныстану қорымен (ЮНФПА) бірлесіп, 9 қарашада Антальяда өтетін COP31 климаттық конференциясы аясында осы тақырыпқа арналған арнайы іс-шара өткізуді жоспарлап отыр. Кездесуде жүкті әйелдер мен балалардың денсаулығын қорғау және денсаулық сақтау жүйесінің климаттық қауіптерге дайындығын арттыру мәселелері қаралады.

Ынтымақтастықтың тағы бір бағыты – 2026–2030 жылдарға арналған «Арал өңіріндегі салауатты болашақ» бастамасын жүзеге асыру.

Кездесуде Қазақстанның ДДҰ басқарушы органдарының жұмысына қатысуын кеңейту және халықаралық денсаулық сақтау саласындағы өзара іс-қимылды күшейту перспективалары да талқыланды.

Сонымен қатар 2028 жылы алғашқы медициналық-санитариялық көмек жөніндегі Алматы декларациясының 50 жылдығына және Астана декларациясының 10 жылдығына дайындық мәселелері қозғалды.

Қазақстан ДДҰ-мен бірлесіп алғашқы медициналық көмекті дамытуға, оның қолжетімділігін арттыруға және елдер арасында тиімді тәжірибе алмасуға бағытталған халықаралық іс-шаралар бағдарламасын әзірлеуді ұсынды.