Қазақстан мен Чех республикасы қандай келісімдерге келді

Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Қазақстан мен Чех республикасы қандай уағдаластықтарға қол жеткізгенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Чехия – өзара тауар айналымы бойынша Еуропа аумағындағы ең ірі он сауда серіктесіміздің бірі. Атап айтсақ, былтыр сауда көлемі  екі есе өсіп 630 млн доллардан асып түсті. Соңғы 20 жылда Чехиядан ел экономикасына тартылған тікелей инвестиция көлемі 350 млн доллардан асқанын қанағат сезіммен айтуға болады. Бұл тұрғыда алыс-берісімізді әрі қарай арттырып, өзара тиімді жобалар мен бастамаларды ілгерілете беруге дайын екенімізді қуаттадық, - деді министр Сыртқы істер министрлігінде өткен жиында.

Нұртілеу бүгінгі таңда Қазақстан нарығында Škoda Auto, Tatra, Home Credit сияқты чехиялық жетекші компаниялар белсенді әрі табысты қызмет атқарып жүргенін атап өтті.

Жалпы екі ел арасындағы машинажасау, энергетика, көлік, ІТ,  ауыл шаруашылығы, фармацевтика, әскери техника және жаңа технология салаларындағы жұмысты жалғастыруға келістік. Бұған қоса сауда-экономикалық ынтымақтастығымыздың күре тамыры – көлік транзиттік әріптестікті де дамытуға сөз байластық.  Осы тұрғыда маңызды стратегиялық сауда жолдарының біріне айналған  Транскаспий халықаралық көлік бағытының зор әлеуетіне тоқталдық.  Нақты айтқанда, Азиядан Еуропаға құрлықпен тасымалданатын жүктің 80 пайызы Қазақстан арқылы өтетінін жақсы білесіздер. Жақын арада оны тағы да ұлғайтып, көлемін  10 млн тоннаға жеткізу туралы жоспарымыз бар, - деді Мұрат Нұртілеу.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: pixabay.com
Өзгелердің жаңалығы