Қазақстан мен Бельгия денсаулық сақтау саласындағы әріптестікті нығайтады
Алматыда «Алматы декларациясына 50 жыл: болашақ ұрпақ үшін медициналық-санитариялық алғашқы көмектің қуатты жүйесін қалыптастыру» тақырыбында халықаралық конференция өтті. Жиында Қазақстандағы алғашқы медициналық көмекті дамыту, отбасылық медицинаны жетілдіру және медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыру мәселелері талқыланды.
Іс-шараға ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ), БҰҰ-ның Халық қоныстануы саласындағы қорының (ЮНФПА), Бельгия делегациясының, сондай-ақ Қазақстан мен Бельгияның жетекші университеттерінің өкілдері мен халықаралық сарапшылар қатысты.
Конференция барысында ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев еліміздегі медициналық-санитариялық алғашқы көмектің (МСАК) қазіргі жағдайы, негізгі нәтижелері мен алдағы даму бағыттары туралы мәлімет берді.
МСАК жүйесі 20,4 млн адамды қамтиды
Бүгінде Қазақстанда медициналық-санитариялық алғашқы көмек желісі 20,4 млн адамға қызмет көрсетеді. Оның ішінде 7,6 млн-ы – ауыл тұрғындары. Ел бойынша алғашқы медициналық көмек көрсететін шамамен 5 мың нысан жұмыс істейді. Бұл мекемелерде 45 мыңнан астам медицина қызметкері еңбек етеді.
Денсаулық сақтау саласындағы реформалардың негізгі бағыттарының бірі – отбасылық медицинаны дамыту және медициналық көмекті мультидисциплинарлық модель бойынша ұйымдастыру. Бұл тәсіл аясында жалпы практика дәрігерлерімен қатар мейіргерлер, психологтер мен әлеуметтік қызметкерлер де пациенттерге қызмет көрсету үдерісіне қатысады.
Мұндай модель медициналық көмекті кешенді ұйымдастыруға, аурулардың алдын алуға және пациенттердің қажеттіліктерін ескеруге бағытталған.
Сондай-ақ ауруларды ерте анықтау мен профилактикалық тексерулерге басымдық беріліп отыр. Жыл сайын елімізде шамамен 3,4 млн ересек тұрғын скринингтік тексеруден өтеді. Бұған қоса, созылмалы ауруларды басқару бағдарламалары, балаларға арналған ерте араласу қызметтері және денсаулық сақтау саласындағы цифрлық шешімдер дамып келеді.
Медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігіне басымдық беріледі
Конференцияда сөз сөйлеген Тимур Сұлтанғазиев медициналық инфрақұрылымды кеңейтумен қатар, халықтың тұрғылықты жеріне жақын жерде сапалы көмек алуына жағдай жасау маңызды екенін атап өтті.
Біздің міндетіміз – медициналық инфрақұрылымды кеңейтумен ғана шектелмей, әрбір адамның тұрғылықты жеріне жақын жерде сапалы медициналық көмекті уақтылы алуын қамтамасыз ету. Біз көрсетілген қызметтердің санын бағалаудан пациенттердің денсаулығына нақты әсер ететін нәтижелерді бағалауға біртіндеп көшіп келеміз, – деді бірінші вице-министр.
Бұл тәсіл медициналық ұйымдардың жұмысын тек көрсетілген қызметтер саны бойынша емес, емдеу нәтижелері, аурулардың алдын алу және халық денсаулығына ықпалы тұрғысынан бағалаудың маңызын көрсетеді.
Конференция барысында Қазақстан мен Бельгия арасындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелері де қаралды. Атап айтқанда, отбасылық дәрігерлерді даярлау тәжірибесімен алмасу, медициналық білім беруді дамыту және алғашқы медициналық көмекті ұйымдастырудың заманауи тәсілдерін енгізу бағыттарына назар аударылды.
Қазақстан ДДҰ-мен, Бельгиямен және басқа да халықаралық ұйымдармен бірлескен ғылыми, білім беру және практикалық бастамаларды дамытуға мүдделі.
2028 жылы Алматы декларациясының қабылданғанына 50 жыл толады. Осыған орай конференцияға қатысушылар алғашқы медициналық-санитариялық көмекті нығайту жөніндегі ортақ қағидаттарды нақты іс-қимылдармен ұштастыру қажеттігін атап өтті.
Алдағы кезеңдегі негізгі міндеттердің бірі – медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру, отбасылық медицина жүйесін дамыту және халықтың денсаулығына нақты нәтиже беретін тәсілдерді кеңінен енгізу.