12 Қазан 2026, 12:15 Фото: unsplash.com

Қазақстан мен Бельгия арасындағы сауда 9%-ға өсті: Қазақстан не экспорттап жатыр?

2026 жылғы қаңтар-тамыз айларында Қазақстан мен Бельгия арасындағы тауар айналымы 9%-ға өсіп, 353,1 млн АҚШ долларына жетті. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 324 млн доллар болған, деп хабарлайды BAQ.KZ.

QazTrade мәліметінше, Қазақстаннан Бельгияға экспорт 9,7%-ға артып, 183,7 млн долларды құрады. Экспорттың негізгі бөлігін зығыр тұқымы, молибден кендері мен концентраттары, титан және одан жасалған бұйымдар, сондай-ақ бидай құрады. Бұл ретте бидай экспорты үш есеге өскен.

Ал Бельгиядан Қазақстанға импорт 8,3%-ға өсіп, 169,4 млн долларға жетті.

Қазақстанға Бельгиядан негізінен дәрілік заттар, қазандықтарға арналған қосалқы жабдықтар, мұнай өнімдері, тракторлар мен ауыл шаруашылығы техникасы, вакциналар және басқа да медициналық препараттар жеткізілген.

Сауда балансының оң сальдосы да артқан. Есепті кезеңде Қазақстанның Бельгиямен саудадағы оң сальдосы 11 млн доллардан 14,3 млн долларға дейін ұлғайды.

Бұл көрсеткіш Қазақстан экспортының өскенін және екі ел арасындағы сауда байланыстарының нығайғанын көрсетеді.