12 Қазан 2026, 22:53 Фото: Сыртқы істер министрлігі

Қазақстан мен Бельгия алдағы үш жылға арналған бірлескен жоспарды бекітті

Екі елдің Сыртқы істер министрліктері жаңа жол картасына қол қойды.

Қазақстан мен Бельгия сыртқы істер министрліктері 2027-2029 жылдарға арналған ынтымақтастықтың жол картасына қол қойды. Құжатқа Бельгия Королі Филипптің Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында қол жеткізілді.

Астана қаласында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев пен Бельгия Корольдігі Сыртқы істер, сыртқы сауда және даму мақсатындағы ынтымақтастық жөніндегі федералдық мемлекеттік қызметі Басқарушы комитетінің төрағасы Теодора Джентцис кездесті.

Жол картасы саяси диалогты жандандыруды, тұрақты консультациялар өткізуді, ведомствоаралық байланыстарды нығайтуды және екіжақты ынтымақтастықтың басым бағыттары бойынша бірлескен бастамаларды ілгерілетуді көздейді.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Бельгия арасындағы қарым-қатынастардың қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын талқылап, Бельгия монархының Қазақстанға алғашқы мемлекеттік сапарының екіжақты әріптестікті нығайтудағы маңызын атап өтті.

Сонымен қатар Қазақстанның Еуропалық одақпен ынтымақтастығы, оның ішінде визалық режимді жеңілдету және реадмиссия туралы келісімдерге қол қою перспективалары, сондай-ақ екі ел арасындағы шарттық-құқықтық базаны жетілдіру мәселелері қаралды.

Тараптар БҰҰ аясындағы ынтымақтастық, халықаралық қауіпсіздік және көпжақты бастамаларды ілгерілету мәселелері бойынша да пікір алмасты.

Кездесу қорытындысында тараптар қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыруға және қазақ-бельгия ынтымақтастығын одан әрі тереңдетуге мүдделілік білдірді. Бұл бағыттағы жұмыстарға 2027 жылы екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 35 жыл толуы да серпін бермек.