17 Қазан 2026, 07:49 Фото: Ұлттық олимпиада комитеті

Қазақстан мен Беларусь спорт саласындағы байланысты нығайтуға келісті

Тараптар екі елдің ұлттық олимпиадалық комитеттері арасындағы ынтымақтастықты дамыту және бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылады.

16 қазанда Астанада Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин мен Беларусь ҰОК президенті Виктор Лукашенко кездесті.

Кездесуге Қазақстан тарапынан Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов пен ҰОК бас хатшысы Әлімжан Ақаев қатысты. Беларусь делегациясының құрамында Қазақстандағы елші Алексей Богданов пен Беларусь ҰОК бас хатшысы Ксения Санкович болды.

Тараптар екі елдің ұлттық олимпиадалық комитеттері арасындағы ынтымақтастықты дамыту және бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылады. Әсіресе бокс пен су спорты түрлеріне басымдық берілді.

Беларусь делегациясының сапары Қазақстан ҰОК шақыруымен, Астанада өтіп жатқан жүзуден Әлем кубогының қорытынды кезеңі аясында ұйымдастырылды. Бұл халықаралық турнир Қазақстанда алғаш рет өткізіліп отыр.

Кездесу қорытындысында тараптар спорт саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниетті екенін растады.