Қазақстан мен Беларусь кітапхана саласындағы байланысын нығайтады
29-30 қазанда Минскіде «Кітапхана – мәдениет феномені» атты XIII халықаралық конгресс өтіп жатыр. Конгресс аясында Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы мен Беларусь Ұлттық кітапханасы стратегиялық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Құжат кітап пен ақпараттық ресурстар алмасуды, көрмелер мен жобаларды ұйымдастыруды және мамандардың тәжірибе бөлісуін көздейді.
Пленарлық отырыста Ұлттық академиялық кітапхананың директоры Күміс Сейітова «Оқу мәдениетін дамытудағы және оқитын ұлт қалыптастырудағы кітапханалардың рөлі: Қазақстан тәжірибесі» тақырыбында баяндама жасады.
Баяндамада кітапхана инфрақұрылымын жаңарту, отандық әдебиетті қолдау және кітап оқуды насихаттауға бағытталған бастамалар қамтылды. Сондай-ақ оқырманның кітап оқу дағдыларына қатысты зерттеу нәтижелері айтылып, көпшілікті тұрақты түрде кітап оқуға баулу және кітапхана жұмысын цифрландыру мәселелері аталып өтті.
Кездесу соңында тараптар әріптестікті нығайтып, меморандум аясында ортақ бастамаларды бірлесе жүргізуге ниетті екенін жеткізді.