Қазақстан мен БАӘ теңіз айлақтарын дамыту мен әуе қатынасы саласында меморандумға қол қойды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми іссапары аясында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Әмірліктер тарапымен теңіз айлақтарының инфрақұрылымын дамыту мен әуе қатынасы саласындағы әріптестікті нығайтуға бағытталған меморандумдарға қол қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
ИИДМ баспасөз қызметініңі мәлімдеуінше, Қазақстан мен БАӘ арасындағы экономикалық байланысты нығайту мақсатында, оның ішінде көлік-логистика саласындағы әріптестікті арттыру үшін қазір Abu Dhabi Ports компаниясымен теңіз порттарының инфрақұрылымын дамыту бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыру көзделіп отыр. Осы бағыттағы жұмысты тиімді іске асыру үшін министрлік Abu Dhabi Ports-пен өзара түсіністік туралы уағдаластыққа қол жеткізді.
Соған сәйкес аталған компанияға контейнерлік хаб пен Құрық портында «Саржа» көп қызметті терминалын салу, сондай-ақ кеме шығарып, жөндейтін зауыттың құрылысына байланысты жобалар ұсынылды.
Таяуда Abu Dhabi Ports-тың басшысы Мұхаммед Әл-Шамсимен онлайн режімде келіссөздер жүргізіп, оның нәтижесінде Әмірліктер тарапы Құрық портын дамытуға қызығушылық танытып отырғаны белгілі болды. Сондай-ақ БАӘ-мен «Қазақтеңізкөлікфлоты» ҰТКҚК» ЖШС-не 2 танкерді беру бойынша да келіссөздер жүргізіліп жатыр. Жоғарыда айтылған жобаны іске асыру үшін Abu Dhabi Ports – «ҚазМұнайГаз» – «Қазақтеңізкөлікфлоты» арасында бірлескен кәсіпорынды құру жоспарланған, - деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев.
Сонымен қоса ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сапары кезінде еліміздің ұшу географиясын кеңейтумен бірге БАӘ арасындағы әуе қатынасты одан әрі нығайту үшін екі елдің авиациялық биліктері Авиациялық қатынас туралы ведомствоаралық меморандумға қол қойды. Қазіргі таңда Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасында 8 бағыт бойынша аптасына 60 рейс орындалып келеді. Әуе тасымалын Fly Dubai, Air Arabia, Wizz Air Abu Dhabi мен отандық «Эйр Астана» компаниясы іске асырып келеді. Бұл бағыттағы әріптестік рейстердің жиілігі мен межелі пункттердің шектеуін қарастырмайтын өзара түсіністік туралы меморандумның негізінде жүзеге асырылып жатқанын айта кетейік.
Бұдан бөлек араб мемлекетімен өнеркәсіп саласында да жемісті әріптестік орнаған. Айталық, қазір Павлодар облысында Canarax (БАӘ) компаниясы техникалық кремнийді өндіретін зауытты салуға байланысты жобаны сәтті іске асырып келеді.
«Қазір аталған зауыттың жобалау-сметалық құжаттамасы дайын. Мемлекеттік сараптама осы жылдың басында жүргізіледі деп көзделген. Құрылыс-монтаж жұмыстары алдағы ақпан айында басталады деп жоспарланып отыр. Кәсіпорын 2024 жылы іске қосылуы тиіс», деді М.Қарабаев.