Қазақстан мен Әзірбайжанның экология министрлері өзара әріптестектікті талқылады

21 қазанда Баку қаласында Экология министрі Серікқали Брекешев Әзірбайжанның Экология министрі Мұхтар Бабаевпен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Екі ел министрлері геология саласынан бастап, балық шаруашылығына дейінгі ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Екі ел ведомстволарының арасындағы әріптестіктің маңызды екенін айтқан С.Брекешев су саласына да тоқталып, Әзірбайжан тарапының бұл бағытта атқарып отырған жұмыстарын тыңдады. 2030 жылға дейін Балық шаруашылығын дамыту туралы ҚР Үкіметінің арнайы бағдарламасы жайлы осы кездесуде тыңдаған М.Бабаев балық шаруашылығы бойынша жемісті жұмыс істеп отырған кәсіпорындар туралы айтып, Қазақстан тарапына одан әрі әріптестік орнату туралы ұсынысын білдірді.

Жуырда ғана орман шаруашылығы бойынша фин тарапымен келіссөз жүргізген С.Брекешев Бакудегі әріптесін орман форумына және табиғи парктерге инвестиция тарту мақсатында, Қазақстанға шақырды. Аталған бастаманы құп көрген М.Бабаев пайдалы қазбаларды зерттеу бойынша да ынтымақтастықтың жаңа деңгейінде жұмыс атқаратындарына сенім білдірді.

Одан бөлек, кездесу соңында Брекешев пен Бабаев әріптестік танытуға ниет туралы хаттамаға қол қойды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы