Бүгiн 2026, 16:18 Фото: Көлік министрлігі

Қазақстан мен Әзербайжан тасымалдаушылар үшін қағаз түріндегі рұқсат құжаттарынан бас тартады

2027 жылдан бастап екі ел арасындағы халықаралық автотасымалға қағаз рұқсат берілмейді. Жаңа жүйе қалай жұмыс істейді және квота қаншаға артты?

Қазақстан мен Әзербайжан халықаралық автокөлік тасымалдарына арналған рұқсаттарды толықтай электронды форматқа көшіруге келісті. Бұл шешім Баку қаласында өткен Қазақстан-Әзербайжан халықаралық автомобиль қатынасы мәселелері жөніндегі аралас комиссия отырысының қорытындысы бойынша қабылданды.

Тараптардың келісіміне сәйкес, 2027 жылдан бастап халықаралық автокөлік тасымалдарына арналған рұқсат құжаттары тек e-Permit жүйесі арқылы электронды түрде рәсімделеді. Қағаз түріндегі рұқсат бланкілері енді қолданылмайды.

Кездесу барысында тараптар екіжақты және транзиттік жүк тасымалдарын дамыту мәселелерін де талқылады. Жиында Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы жүк тасымалы көлемі тұрақты түрде өсіп келе жатқаны, сондай-ақ екі елдің де халықаралық көлік дәліздерінің маңызды қатысушылары екені атап өтілді.

Рұқсаттар квотасы ұлғаяды

Тасымалдаушылардың қажеттілігін қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан мен Әзербайжан 2026 жылға арналған қосымша 6 мың электронды рұқсатпен алмасуға келісті.

Сонымен қатар тараптар 2027 жылға арналған алдын ала квотаны 28 мың рұқсат көлемінде бекітті. Бұл бұрынғы көрсеткіштен 12 мыңға артық.

Еске салайық, өткен жылдың күзінде Әзербайжан Президентінің Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында екі елдің өкілдері арасында ынтымақтастық туралы 16 келісім мен меморандумға қол қойылған болатын. Құжаттар өнеркәсіп, туризм, білім беру, цифрлық технологиялар және логистика салаларын қамтиды.