Қазақстан мен Әзербайжан стратегиялық серіктестікті жаңа деңгейге көтерді – сарапшы
20-21 қазан күндері Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді. Сапар барысында жоғары деңгейдегі келіссөздер жүргізілді. Екі ел арасындағы қатынас туралы сарапшы Жанат Момынқұловтың пікірін білген едік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл сапар декларативті емес, нақты жобаларды келісуге шоғырланған: көлік-логистика, транзитті цифрландыру, энергетика және мәдени-гуманитарлық салаларды жүйелі біріктіру күн тәртібіне шықты. Әзербайжан тарапы осы сапарға үлкен ақпараттық дайындықпен келді. Қазақстан үшін Әзербайжан Батысқа шығатын негізгі қақпа, дипломатиядағы арқасүйер қосымша тетік. Әзербайжан үшін Қазақстан ірі мүдделес серіктес, нарық және геостратегиялық әріптес. Баку соңғы жылдары көпвекторлы дипломатияда аймақтық "хаб" ретінде беделін арттырса, Астана теңгерімді сыртқы саясатымен сенімді серіктес мәртебесін бекемдетті. Мұны әзербайжан сарапшылары да мойындап Қазақстанның геосаяси тұрақтылығын жоғары бағалады, - деді сарапшы.
Орта дәліз және логистика бойынша, Ақтау-Құрық-Баку-Алят порттары арқылы тасымал өсіп келеді. Зангезур дәлізі 2028-жылы іске қосылса, Қазақстан үшін жаңа континенттік дәліз ашылады.
Порт қуаты, кеден рәсімдерін жеңілдету, қаржыландыру, транзит тұрақтылығы шешуді қажет етеді. Бұл кездесуде осы түйткіл мәселелер талқыланды деп ойлаймын. Орта дәліз 2030 жылға таман Қазақстан Еуропаға тікелей шығатын уақыттық және геосаяси тұрғыдан қауіпсіз балама маршрутқа ие болады. Транзиттік табыс артып, порттар мен теміржол инфрақұрылымын жаңғыртуға серпін береді. Сонымен бірге елдің көлік хабы ретіндегі геоэкономикалық салмағы айтарлықтай күшейеді, - деді ол.
Кездесуде 15 құжатқа қол қойылды. Бұл келісімдер тараптардың өзара байланыстарын нығайтуға және стратегиялық серіктестікті жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.
Цифрлық транзит бойынша, Каспий арқылы оптоталшық желілері тартылуда. Цифрлық логистика, smart-порт, электронды кеден жобалары талқылануда. Алайда киберқауіпсіздік, деректерді қорғау, құқықтық үйлесімділік мәселелері шешім талап етеді. Энергетикалық серіктестік саласында мұнай-газ экспорты бағыттарын әртараптандыру Қазақстан үшін маңызды болса, Әзербайжан транзиттен түсетін кірісті ұлғайтуға мүдделі. Жаңартылатын энергия бойынша алғашқы сигналдар да стратегиялық ұзақ мерзімге бастау бере алады, - деді Жанат Момынқұлов.
Сарапшының айтуынша, геосаяси деңгейде бұл жақын кездесулер Қазақстанды тек "транзит хабы" емес, алдағы кезеңде "аймақтық шешім жасаушы актор" ретіндегі рөлге көтере ме деген сұраққа нақты жауап беруіміз қажет. Әзербайжанның аймақтық дипломатиясы тұрғысынан Түркия факторын ескермеу мүмкін емес, үштік платформалар, Оңтүстік Кавказдың қауіпсіздік динамикасын назарға алу қазақ дипломатиясының геостратегиялық салмағын тереңдетеді.