Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы ынтымақтастық перспективалары өте зор, әсіресе экономикалық салада

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиевтің кездесуі екі ел арасындағы өзара сенім мен стратегиялық әріптестікті жаңа деңгейге көтеруге бағытталған. Сарапшылардың пікірінше, бұл сапардың маңызы ерекше – ол тек символдық сипатқа ие емес, сонымен бірге саяси, экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастықты тереңдетудің нақты тетіктерін айқындайтын тарихи қадам болмақ. Біз бұл кездесудің мәні мен нәтижелері туралы пікір алу үшін «Оңтүстік Кавказ» саясаттанушылар клубының жетекшісі Ильгар Велизадемен сұхбаттастық.

– Әзербайжан мен Қазақстан Президенттерінің алдағы келіссөздерінен не күтуге болады?

– Бұл өте маңызды сапар, себебі ол мәртебесі бойынша бар сапар түрлерінің ішіндегі ең жоғарғысы – мемлекеттік сапар болып табылады. Одан кейін ресми және жұмыс сапарлары тұрады. Мемлекеттік сапар – дипломатиялық қатынастардағы ең жоғары деңгей.

Мұндай сапарлар барысында, әдетте, бағдарламалық және стратегиялық құжаттарға қол қойылады, сондықтан одан күтер үміт те аз емес. Сапардың басталуының өзі-ақ ерекше әсер қалдырды.

Бұл – екі ел басшылары арасындағы қатынастардың ресми хаттылықтан гөрі достық, өзара түсіністік пен сыйластыққа негізделгенін айқын көрсетеді. Яғни бұл – жай дипломатиялық сыпайылық емес, екі мемлекет арасындағы саяси диалогтың шынайы мазмұнын айқындайтын факт.

Мұның нақты дәлелі – Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевті қарсы алу үшін Астана халықаралық әуежайына өзі баруы дәлел.

Бұл сапар, менің ойымша, саяси-құқықтық және экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге елеулі серпін береді. Келіссөздер барысында инвестиция, экономика, көлік және логистика салалары бойынша өзара іс-қимыл мәселелеріне ерекше назар аударылады.

Соңғы жылдары қауіпсіздік пен қорғаныс саласындағы байланыстар да айтарлықтай нығайып келеді. Оған Қасым-Жомарт Тоқаевтың сарабдал саясаты өз әсерін тигізбей қоймаған. Бұрын әскери-техникалық бағытта жекелеген жобалар жүзеге асса, бүгінде бұл салада жүйелі, кешенді ынтымақтастық қалыптасуда. Каспийде және басқа да форматтарда бірлескен әскери оқу-жаттығулар өткізіліп келеді. Сонымен қатар, қазақстандық курсанттар әзербайжандық әскери жоғары оқу орындарында білім алуда.

Қазіргі турбулентті геосаяси жағдайда қауіпсіздік мәселесі мемлекет саясатының өзегіне айналды. Оны сіздердің Президенттеріңіз жақсы біледі. Сондықтан бұл тақырып та күн тәртібінде маңызды орын алады деп күтіледі.

Сапар аясында гуманитарлық және мәдени ынтымақтастық та назардан тыс қалмайды. Мысалы, Қазақстанның Әзербайжанның Қарабақ экономикалық аймағында Құрманғазы атындағы мектеп салуы – мәдени және бауырластық байланыстардың нақты көрінісі. Бұл екі ел басшыларының аса көрегендігінің нәтижесі деп білемін.

– Қазақстан мен Әзербайжанның геосаяси орналасуы экономикалық және сауда байланыстарын дамытуда қандай рөл атқарады?

– Геосаясат мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықтың сипатын айқындайды. Бұл тұрғыда Қазақстан мен Әзербайжанның рөлі айрықша.

Қазақстан – Әзербайжан үшін Каспий арқылы Қытаймен байланыстыратын жалғыз көпір. Ал Әзербайжан – Қазақстанды Ресей мен Иранды айналып өтіп, Еуропа мен Түркия сияқты басты экономикалық серіктестерімен байланыстыратын маңызды транзиттік буын.

Сондықтан екі елдің геосаяси орналасуы қазіргі кезеңде өзара байланыстарды жаңа деңгейге көтерудің басты факторы болып отыр.

Өкінішке қарай, соңғы жылдары аймақтағы тұрақсыздық факторлары артып келеді. Ресей–Украина қақтығысы мен Таяу Шығыстағы шиеленістер, соның ішінде Израиль мен Иран арасындағы қарсыластық, өңірлік қауіпсіздікке тікелей әсер етуде.

Осыған байланысты тараптар қауіпсіздік жүйелерінің тиімділігін арттыру, оның ішінде Каспий өңірінде тұрақтылықты сақтау бағытында күш-жігерді үйлестіру қажеттілігін сезінуде.

Каспий теңізі – екі мемлекет үшін де стратегиялық маңызды аймақ. Мұнда екі елдің мұнай мен газдың басым бөлігі өндіріледі. Сондықтан Каспийдегі геосаяси жағдайдың тұрақтылығы мен болжамдылығы Қазақстан мен Әзербайжанның ұзақ мерзімді мүдделеріне толық сай келеді.

– Екі елдің ынтымақтастығынан қандай перспективаларды көріп отырсыз? Мұндай кездесулер мен сапарлар елдерге қандай пайда әкеледі?

– Екі елдің ынтымақтастық перспективалары өте зор, әсіресе экономикалық салада.

Соңғы сегіз айда өзара тауар айналымы үш есеге артып, жарты миллиард АҚШ долларынан асты. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 1 миллиард долларға жетеді деп болжанып отыр. Ал орта мерзімде мақсат – 24 миллиард доллар көлемінде өзара сауда айналымына қол жеткізу және ірі инвестициялық жобаларды іске асыру.

Энергетика саласында ерекше маңызға ие жоба – Каспий, Оңтүстік Кавказ және Қара теңіз арқылы Еуропаға өтетін «жасыл кабель». Бұл жоба Қазақстаннан басталып, Орталық Азиядағы жаңартылатын энергия көздерін Еуропамен байланыстыратын энергетикалық инфрақұрылымды құруға мүмкіндік береді.

Қорғаныс және қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық та жаңа деңгейге көтерілуі мүмкін. Әзербайжан армиясының Қарабақтағы операциялар кезінде көрсеткен кәсібилігі мен жоғары дайындық деңгейі Қазақстан үшін құнды тәжірибе.

Әскери-техникалық салада екі елдің де қорғаныс өнеркәсібі кешендері тиімді өндірістік әлеуетке ие. Бұл бағытта бірлескен өндіріс пен кооперацияның жаңа мүмкіндіктері бар.

Сонымен қатар, Каспий теңізінің экологиялық проблемалары да ерекше назарда. Теңіздің тартылуы – тек экологиялық емес, сонымен бірге экономикалық және саяси қауіп. Әсіресе, Каспийдің ең таяз бөлігі Қазақстан аумағында орналасқандықтан, бұл мәселе біздің ел үшін аса өзекті.

Каспийдің тартылу себептері табиғи факторлармен қатар, адам қызметімен де байланысты. Әсіресе, Еділ өзенінің ағысын реттеу мәселесі теңіздің деңгейіне тікелей әсер етуде. Осыған байланысты тараптар екіжақты және көпжақты форматтағы (Каспий бестігі) ынтымақтастықты күшейтпек.

Жалпы Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы қатынастар бүгінде стратегиялық серіктестіктің үлгісіне айналып отыр. Алдағы келіссөздер нәтижесінде жаңа бағдарламалық құжаттарға қол қойылып, саяси, экономикалық және гуманитарлық салалардағы байланыстарды жаңа деңгейге көтеру күтілуде.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы