Кеше 2026, 22:24 Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Қазақстан мен Ауғанстан сауда көлемін бірнеше есе арттыруға ниетті

2025 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 541,8 млн долларды құрады.

Кабулда Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мен Ауғанстанның өнеркәсіп және сауда министрі Хаджы Нуриддин Азизи Қазақстан–Ауғанстан бизнес форумын ашты. Іс-шараға агроөнеркәсіп, машина жасау, химия өнеркәсібі, технология және IT салаларындағы 50-ден астам компания қатысты. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметінен мәлім етті.

2025 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 541,8 млн долларды құрады. Тараптар алдағы уақытта бұл көрсеткішті 3 млрд долларға дейін жеткізуді көздеп отыр.

Форум барысында Қазақстанның Ауғанстанға астық, ұн, майлы дақылдар, құрылыс материалдары, дәрі-дәрмек пен өнеркәсіптік жабдық жеткізуге дайын екені айтылды. Сонымен қатар азық-түлік өндірісі, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және тоқыма саласында бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.

Іс-шара аясында Қазақстанның инновациялық медициналық әзірлемелері де таныстырылды. Ауғанстан тарапына өкпе ауруларын емдеуге арналған «BARK VibroLUNG» аппараты сыйға берілді. Сондай-ақ жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін HES-7 жүйесімен жабдықталған мобильді диагностикалық кешен ұсынылды.

Форум қорытындысы бойынша Ауғанстанға жалпы құны 45 млн доллар болатын 4500 мобильді диагностикалық құрылғы жеткізу жөніндегі келісімге қол қою жоспарланып отыр.