Қазақстан мен Армения ынтымақтастығының мәселелері талқыланды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан елшісі Болат Иманбаев Арменияның Жоғары технологиялық өнеркәсіп министрі Роберт Хачатрянмен кездесті, деп хабарлады СІМ баспасөз қызметі.
Елші Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауының негізгі қағидалары туралы, сондай-ақ 2022 жылғы 5 маусымда өтетін ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі жалпыұлттық референдум жайлы хабардар етті.
Өз кезегінде армян тарапы Қазақстанға үдемелі даму мен саяси және әлеуметтік-экономикалық жаңғыртудың табысты жүргізілуін тілеп, өзге бағыттар бойынша екіжақты және көпжақты қатынастарды одан әрі кеңейтуге ықпалдастығын білдірді. Осы тұрғыда жоғары және ғарыштық технологиялар, цифрлық даму, ғылым және білім беру салаларындағы қазақстандық-армян ынтымақтастығының жандануы аталды. Р. Хачатрян өзара іс-қимылды одан әрі тереңдетуге және қолда бар үлкен әлеуетті пайдалануға мүдделілігін білдірді.
Сонымен қатар тараптар 2021 жылғы 26 мамырдағы Экономикалық ынтымақтастық жөнiндегi Қазақстан-Армаения үкiметаралық комиссиясының 8-ші отырысының хаттамасын іске асыру мәселелері, сондай-ақ 2022 жылғы маусымда Ереванда өтетін 9-шы ҮАК отырысы жайлы ой бөлісті.