Қазақстан мен Армения мәдени ынтымақтастықты кеңейтеді

Бүгін Қазақстан Президенті мен Армения Премьер-министрінің қатысуымен өткен кездесуде екі елдің ресми делегациялары бірқатар үкіметаралық және ведомствоаралық құжаттармен алмасты. Қол қойылған келісімдер Қазақстан мен Армения арасындағы мәдени-гуманитарлық байланысты нығайтуға бағытталған, деп хабарлайды BAQ.KZ Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.

Мәдениет саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мақсатында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты Ұлттық кітапхана мен Армения Республикасының Ұлттық кітапханасы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл құжат кітапхана ісі бойынша тәжірибе алмасуды, бірлескен жобаларды жүзеге асыруды және мәдени құндылықтарды насихаттауды көздейді.

Сонымен бірге Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы мен Армения Кино қоры арасында меморандум қабылданды. Ынтымақтастық тараптарға бірлескен киножобаларды дамытуға, кино мамандарының кәсіби байланысын кеңейтуге және киноөндіріс саласындағы өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасының Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейі мен Арменияның Ұлттық галереясы арасында да ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл құжат көрме жобаларын, ғылыми-зерттеу жұмыстарын және музей саласы бойынша мамандардың кәсіби байланысын нығайтуға жағдай жасайды.

Қол қойылған келісімдер екі ел арасындағы мәдени әріптестікті жаңа деңгейге көтеріп, кәсіби тәжірибе алмасу мен бірлескен шығармашылық бастамаларды іске асыруға кең мүмкіндік ашады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі
Өзгелердің жаңалығы