Қазақстан мен Армения атом энергиясы саласында бірлесе жұмыс істемек
Атом энергиясы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, Қазақстан мен Армения бейбіт мақсатта атом энергиясын пайдалану саласында бірлескен жұмыс жүргізу үшін меморандумға қол қояды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Біз Армениямен бейбіт атом энергиясын пайдалану саласында ынтымақтастық меморандумына қол қойып отырмыз. Шын мәнінде, Армения Республикасының атом энергетикалық объектілерін пайдалану саласында үлкен тәжірибесі бар. Олар 1976 жылдан бері атом электр станциясын жұмыс істетіп келеді. Біз олармен тәжірибе алмасу, эксплуатация және кадрларды даярлау бойынша бірлескен жұмыс жүргізуге келісімге келдік, – деді Сәтқалиев.
Оның айтуынша, Арменияда ғылыми база өте жақсы дамыған, сондықтан қолданбалы және фундаменталды ғылыми зерттеулерді бірлесе жүргізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, Арменияның пайдаланылған ядролық отынмен жұмыс істеу саласындағы ерекше тәжірибесі де бар.
Барлық осы бағыт меморандумға енгізілген. Арменияда қазіргі уақытта тек бір атом электр станциясы бар, – деп толықтырды агенттік төрағасы.