Қазақстан мен Аргентина арасындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды
ҚР СІМ-де Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қайрат Омаров бастаған қазақстандық делегацияның қатысуымен Қазақстан мен Аргентина арасындағы сімаралық саяси консультациялардың үшінші раунды өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Аргентина делегациясын Сыртқы істер министрінің орынбасары Пабло Теттаманти бастады.
Келіссөздер барысында тараптар екіжақты Қазақстан-Аргентина ынтымақтастығының қазіргі жағдайы мен перспективаларын, сондай-ақ халықаралық ұйымдар шеңберіндегі өзара ықпалдасу мәселелерін талқылады. Саяси консультациялар халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасуға мүмкіндік берді.
Пабло Теттаманти Қазақстандағы саяси трансформацияны жоғары бағалап, қарашада өткен президенттік сайлаудың қорытындыларымен құттықтады. Ол қазақстандық-аргентиналық қарым-қатынастар дамуының оң динамикасына қанағаттанғанын білдіріп, қазіргі геосаяси жағдайда екіжақты өзара іс-қимыл әлеуетін ашудың маңыздылығын атап өтті.
Тараптар Қазақстан мен Аргентина арасындағы саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға бейілділігін растай отырып, екіжақты тректе де, көпжақты алаңдарда да сенімді саяси диалогты, сондай-ақ одан әрі өзара тиімді ынтымақтастықты жалғастыру ниетін растады.