Қазақстан мен Араб Әмірліктері тауар айналымын 1 млрд долларға дейін ұлғайтады
Мемлекет басшысы Біріккен Араб Әмірліктерінің Энергетика және инфрақұрылым министрі Сухейл әл-Мазуриді қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақордаға сілтеме жасап.
Астана халықаралық форумының алаңында Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Араб Әмірліктерінің Энергетика және инфрақұрылым министрі Сухейл әл-Мазуримен кездесті.
Президент Абу Дабидің Тақ мұрагері Халед бен Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен Астанадағы кездесуін ықыласпен еске алды. Оның аясында нәтижелі келіссөздер жүргізіліп, жалпы құны 5 миллиард долларды құрайтын 20-дан астам коммерциялық келісімге қол қойылды.
Сухейл әл-Мазури Астана халықаралық форумының жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтіп, қонақжайлық танытқаны үшін Қазақстан тарапына алғыс айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сухейл әл-Мазури жоғары деңгейде жасалған уағдаластықтарды жүзеге асырудың нақты жолдарын, соның ішінде екіжақты тауар айналымын 1 миллиард долларға дейін ұлғайту бастамасын талқылады. Министрдің айтуынша, Әмірліктер Абу Даби Тақ мұрагерінің Қазақстанға сапары кезінде қол қойылған келісімдерді орындауға белсене кірісіп кеткен, - деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Кездесу барысында энергетика, ауыл шаруашылығы және көлік салаларындағы ықпалдастықтың өзекті мәселелері қарастырылды.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Миграция жөніндегі халықаралық ұйымның бас директоры Эми Поупты қабылдады.
AIF алаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Миграция жөніндегі халықаралық ұйымның – БҰҰ көші-қон жөніндегі агенттігінің бас директоры Эми Поуппен кездесті.
Әңгімелесу барысында миграция бойынша ынтымақтастықтың жай-күйі, мигранттардың құқығын қорғау және Ұйымның 2024-2028 жылдарға арналған стратегиялық жоспары шеңберіндегі өзара ықпалдастық мәселелері талқыланды.
Мемлекет басшысы еліміз заңсыз көші-қон проблемаларын шешу, адам саудасына қарсы іс-қимыл және шет елдерде еңбек ететін қазақстандықтардың құқығын қорғау бағыттарында белсенді жұмыс жүргізетінін айтты, - делінген Ақорда хабарламасында.
Эми Поуп Қазақстанның Алматы процесіне 2025-2027 жылдардағы төрағалығының маңызын атап өтті. Бұл – аймақтық диалогты ілгерілетуге және Орталық Азиядағы көші-қонға байланысты проблемалардың шешімін бірлесіп іздеу шараларын үйлестіруге ықпал ететін консультативтік платформа.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эми Поуп ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге, сондай-ақ институционалды әлеуетті нығайтуға және аймақтағы көші-қонды орнықты басқаруға ықпал ету мақсатында озық тәжірибелермен алмасуға уағдаласты.