Қазақстан мектептеріндегі бейнебақылауға ЖИ енгізіліп жатыр
Қазақстанда орта білім беру жүйесіне жасанды интеллект кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Құрылтайдағы Үкімет сағатында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Алғашқы кезеңде 500 пилоттық мектеп қамтылып, 240 мың педагог оқытылды. 2028 жылға дейін 2 600 шағын жинақты мектепті толық қамту жоспарланған.
Мемлекет басшысының 2026 жылғы 12 мамырдағы Жарлығына сәйкес қолға алынған жобаның негізгі мақсаты – қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасының алшақтығын қысқартып, әр балаға жекелендірілген оқыту мүмкіндігін ұсыну, - деді министр.
Сонымен қатар білім беру ұйымдарындағы бейнебақылау жүйелеріне жасанды интеллект элементтерін енгізу басталды. Қазіргі уақытта бұл жүйе Солтүстік Қазақстан облысының 44, Ақмола облысының 35 және Қарағанды облысының 10 мектебінде енгізіліп жатыр.
Бұдан бөлек, балаларға жедел көмек көрсету мақсатында QR-111 жүйесі жұмыс істеп тұр. 2025 жылы осы жүйе арқылы әртүрлі мәселелер бойынша 124 мың бала өтініш білдірген, – деп айтты Сүлейменова.
Ал 2026 жылы 60 мың өтініш келіп түскен. Министрдің мәліметінше, барлық балаға жедел кәсіби көмек көрсетілген.
Еске салсақ, Қазақстанда алғаш рет «AI-Quryltai» жасанды интеллект платформасының көмегімен заң жобасы әзірленді. Жаңа құжат балаларды цифрлық және ақпараттық ортадағы қауіп-қатерлерден қорғауға бағытталған. Бұл туралы Құрылтай төрағасының орынбасары Динара Зәкиева Үкімет сағатында мәлімдеді.