Қазақстан мектептерінде жасанды интеллектіні енгізу бойынша пилоттық жобалар іске асырылып жатыр

Оқу-ағарту вице-министрі Асылбек Ахметжанов білім беру саласына жасанды интеллектіні енгізу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, Ұлттық біліктілікті арттыру орталығы “Өрлеу” базасында “Оқу процесі және жасанды интеллект: генеративті модельдер және промпт-инжиниринг өнері” атты арнайы оқыту курсы ұйымдастырылған. Бұл курстан 240 мыңнан астам педагог өткен.

Сонымен қатар “Ұстаз»” платформасы аясында педагогтерді дербес сүйемелдеуге арналған жасанды интеллект құралдары кезең-кезеңімен енгізілуде. Бұл құралдар педагогтерге рәсімдерді түсіндіруден бастап, кәсіби бейінін талдауға және кәсіби дамуына қатысты ұсыныстар беруге дейінгі қызметтерді қамтиды, – деді вице-министр журналистермен кездесуде.

Вице-министрдің мәліметінше, “Келешек мектептері” алаңында жасанды интеллектке негізделген мектеп моделін енгізу бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылып жатыр. Жоба аясында ЖИ-репетитор, ЖИ-емтихан алушы, тест тапсырмаларын автоматты түрде генерациялау құралдары және өзге де цифрлық шешімдер сыналуда.

Білім беру саласына жасанды интеллектіні жүйелі түрде енгізу мақсатында министрлік жанынан арнайы жұмыс тобы құрылған. Оның жол картасы бекітіліп, этикалық стандарттарды әзірлеу, әкімшілік-басқарушылық үдерістерге ЖИ енгізу, сондай-ақ педагогтердің күнделікті жүктемесін азайту үшін оқу процесіне жасанды интеллектті қолдану бағыттары айқындалған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы