Қазақстан мектептерінде тамақтану қаншалықты қымбаттады
Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Мәжіліс депутаты Ерболат Саурықовтың мектептерде тамақтандыруды ұйымдастыруға қатысты сауалына жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Мәжіліс депутаты Ерболат Саурықовтың мектептерде тамақтандыруды ұйымдастыруға қатысты сауалына жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Үкіметтің мәліметінше, балалардың денсаулығын сақтау және нығайту мақсатында мемлекеттік қолдау шаралары едәуір кеңейтілген. 2022 жылдан бастап тегін тамақтандыру 1-4 сынып оқушыларына толық енгізіліп, сондай-ақ 5-11 сыныптардағы жекелеген санаттағы балаларға да ұсыныла бастады. Қазіргі таңда бұл шара шамамен 1,7 млн оқушыны қамтиды. Бұған дейін мұндай қолдау тек әлеуметтік осал топтағы 434 мың балаға ғана көрсетілген болатын.
Қабылданған шешімдердің нәтижесінде мектептегі тамақтандыруды қаржыландыру айтарлықтай ұлғайды: 2022 жылдан бері бұл көрсеткіш 6,7 есеге өсіп, 30 млрд теңгеден 201 млрд теңгеге жетті, - делінген Жұманғариннің жауабында.
Сонымен қатар Әлеуметтік кодекстің 24-бабына сәйкес, Отбасының цифрлық картасы арқылы мемлекеттік қолдау атаулы түрде көрсетіледі. Бұл жүйе көмекке мұқтаж отбасылардың балаларын анықтап, оларды есепке алуға мүмкіндік береді.
Ұлттық статистика бюросының деректері өңірлер арасында азық-түлік бағасында елеулі айырмашылық бар екенін көрсетеді. Осыған байланысты мектептегі тамақтану құны әр өңірдің экономикалық жағдайы мен ерекшеліктеріне қарай белгіленеді. Бағалар тиісті қағидаларға сәйкес және инфляция деңгейін ескере отырып анықталады.
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жергілікті атқарушы органдар тамақтану құнын қайта қараған. Нәтижесінде бір оқушыға шаққандағы орташа құн 775 теңгені құрады. Бұл көрсеткіш 2024 жылдың басында 635 теңге, ал 2025 жылы 697 теңге болған. Алдағы уақытта бұл сома инфляция деңгейіне сай жыл сайын индекстеліп отырады.
Сондай-ақ Кәсіпкерлік кодекстің 17-бабына сәйкес, отандық өндірушілерді қолдауға ерекше назар аударылады. Атап айтқанда, мектептерге өнім жеткізушілерді таңдауда жергілікті азық-түлік өндірушілеріне басымдық беріледі және олардың соңғы жеті жылдағы өңірлік тәжірибесі ескеріледі.
Үкімет мектептегі тамақтанудың сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Бұл мәселе бақылауда қалып, алдағы уақытта да жалғасын табады.