Қазақстан мектептерінде психологтар саны көбейе ме?

Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан мектептерде психологтар санын көбейту мәселесі қаралып жатқанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бүгін елордада «Балалар мен жастардың қабілеттерін, дарындылығын диагностикалау мен дамытудағы өзекті мәселелер» тақырыбында І халықаралық психологиялық форум басталды.

Форумға қатысқан Оқу-ағарту вице-министрі елімізде мектептерде психологтар санын көбейту мәселесіне қатысты қойылған сұраққа жауап берді.

Қазақстан мектептерінде педагог-психолог мамандар жұмыс істейді. Олар балаларға қажетті жағдайда психологиялық көмек көрсетеді. Одан бөлек, біз биылдан бастап мектептерде мектепішілік есепке алу тәсілін енгіздік. Мұндағы негізгі мақсатымыз - көмекті қажет ететін, мінез-құлқында өзгерістері бар, үлгерімі төмен, әлеуметтік жағынан осал топтағы балаларды есепке алып, оларға дер кезінде көмек көрсету, - деді вице-министр.

Оның сөзінше, әсіресе психологиялық көмек көрсету маңызды.

Бұл есепке алудың ешқандай құқықтық салдары жоқ. Баланың оқу процесі, жүріс-тұрысына әсер етпейді. Яғни бұл тек қана көмек беруге бағытталған. Министрлік балалардың дұрыс тұлғалық қамтамасыз етілуіне ерекше мүдделіміз.  Дегенмен қоғамның, ата-аналардың мұндағы үлесі үлкен болуы керек. Балаларға беретін әр ақпаратты електен өткізуіміз қажет. Себебі бала - мемлекеттің болашағы, - деп айтты Еділ Оспан.

Оқу-ағарту министрлігінің өкілі қазір балаларды қалай қалыптастырсақ, мемлекеттің болашағы да сонымен тығыз байланысты болатынын айтты.

Оспанның айтуынша, қазір елімізде 7 мыңнан астам педагог-психолог бар.

Қазіргі таңда осы психологиялық қызметті кеңейтуді қарастырып жатырмыз. Өйткені оған қажеттілік бар. Сонымен қатар мектептерде әкімдіктер психологиялық орталықтар ашып жатыр. Қазірдің өзінде осындай орталық 7 өңірде құрылды. Бұл орталықтар балаларды қажетті көмекті көрсетеді. Мұнда ерекше маңызды дүниені атап өткім келеді: мектептегі білім процесінің бәрі ізгілікке, адамгершілікке, мейірімділікке бағытталған. Десек те отбасыда ата-аналар балалардың тәрбиесіне, мінез-құлқына назар аударуы керек. Бәріміз балалардың интернетте отырғанын білеміз. Ата-аналарға балалардың әлеуметтік желіде не көріп отырғанын бақылауға алуды назарға алуды сұрағымыз келеді, - деп айтты ол.

Еділ Оспан мектептерде психологтар санын көбейту мәселесі талданып жатқанын айтты. Сөзінше, оны ұлғайту бюджетке де қатысты болып отыр.

Іс-шараны «El Umiti» корпоративтік қоры Оқу-ағарту министрлігімен және Дарындыларды қолдаудың еуропалық кеңесімен бірлесе өткізіп отыр. Форум қабілеттер мен дарындылық психологиясы саласының зерттеушілері мен практиктерінің басын біріктіріп, балалар мен жастардың әлеуетін дамытудың өзекті мәселелерін талқылауға арналған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы