25 Қараша 2026, 18:35 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артём Чурсинов

Қазақстан мектептері қашықтан оқытуға көше ме? Нақты жауап айтылды

Қазақстанда ЖРВИ жұқтыру жағдайларының маусымдық өсуіне байланысты мектептерді қашықтан оқыту форматына көшіруге әзірге негіз жоқ. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Сархат Бейсенова мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, қазір елдегі бірде-бір мектепте немесе жекелеген сыныпта ЖРВИ жұқтырған оқушылардың үлесі жалпы білім алушылар санының 20 пайызынан асқан жоқ. Сондықтан қашықтан оқытуға немесе кабинеттік емес оқыту жүйесіне көшуге шектеу шараларын енгізу қажеттілігі туындамаған.

Сонымен қатар мектептер мен балабақшаларда аурудың алдын алу шаралары жалғасып жатыр. Күн сайын балалардың сабаққа қатысуы бақыланып, таңертеңгі сүзгі жүргізіледі. Ауру белгілері бар балалар сабаққа жіберілмейді. Егер симптомдар күн ішінде байқалса, ата-анасы келгенге дейін бала уақытша оқшауланады, - деді ол.

Ауруханалар қосымша төсек-орын ашуға дайын

Комитет басшысы медициналық жүйенің сырқаттанушылық өскен жағдайда әрекет етуге дайын екенін де айтты. Өткен эпидемиологиялық маусымда аурудың шарықтау шегі қараша айына сәйкес келген. Сол кезде ел бойынша инфекциялық төсек-орындардың 75 пайызы, ал балаларға арналған орындардың 84,9 пайызы толған. Кейбір өңірлерде бұл көрсеткіш 100 пайыздан асқан.

2026 жылғы 26 тамыздағы қаулыға сәйкес, ЖРВИ, тұмау және COVID-19 жағдайлары көбейген кезде қолданылатын шаралар жоспары әзірленген. Төсек-орындардың толымдылығы 85 пайызға жеткен жағдайда қосымша орындар ашу көзделген. Ауруханаға жатқызу қажеттілігін бағалау үшін жағдай күн сайын бақылауда болады.

COVID-19 бойынша жағдай қандай?

2026 жылдың басынан бері Қазақстанда коронавирус инфекциясының 381 жағдайы тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,6 есе аз. Қайтыс болғандар тіркелмеген.

Соңғы мониторинг деректеріне сәйкес, елде коронавирустың XFG, яғни «Стратус» нұсқасы басым. Зерттелген сынамалардың 68,7 пайызынан оның RV.1.1 тармағы, 25 пайызынан XFG.3 анықталған. Қалған 6,3 пайызында JN.1 және RF.5.3 тармақтары табылған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бағалауынша, бұл нұсқалар «Омикронның» басқа түрлерімен салыстырғанда халық денсаулығына қосымша қауіп төндірмейді.

Комитет төрағасы ата-аналарды балалардың денсаулығына жауапкершілікпен қарап, аурудың алдын алу шараларын сақтауға шақырды.