Қазақстан медицинасының аңызы дүниеден өтті
90 жасында Қазақстандағы акушерлік пен гинекология саласындағы ғылыми мектептің негізін қалаушы, көрнекті дәрігер, қоғам қайраткері Нина Амировна Каюпова өмірден озды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ол өзінің кәсіби ғұмырында 30 мыңнан астам сәбидің дүниеге келуіне көмектесті. Сондай-ақ 25 ғылым докторы мен 40 кандидат дайындап, 19 монография мен 400-ден астам ғылыми мақала жазды. Соңғы жылдарына дейін белсенді ғылыми әрі қоғамдық қызмет атқарды.
Диплом алғаныма 61 жыл болса да, мен ежелгі өнер – босандыру ісімен айналысып келемін. Бұл – бірден екі адамның өмірі үшін жауап беретін ерекше мамандық: ананың да, баланың да, – деген еді ол.
Нина Каюпова – Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығының негізін қалаушылардың бірі, еліміздің маңызды медициналық мекемелерін басқарған, академик, Жоғарғы Кеңес пен Сенат депутаты болған, халықаралық форумдарға қатысқан, әйелдер мен жастар мүддесі үшін заңдар дайындауға атсалысқан тұлға.
Ол медицина мен қоғамға қосқан үлесі үшін «Парасат» орденімен, II дәрежелі «Достық» орденімен, Президенттің Бейбітшілік пен рухани келісім үшін Мемлекеттік сыйлығымен, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағымен және бірқатар медальдармен және Алматы қаласының Құрметті азаматы атағымен марапатталған.
Нина Амировнамен қоштасу рәсімі 16 шілде күні сағат 10:00-де Concordia театрында өтеді.
Қазақ ұлттық медицина университетінің ұжымы марқұмның туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады.
Нина Каюпованың есімі Қазақстан медицинасы тарихында адамға, білімге және өз ісіне деген адалдықтың символы ретінде мәңгі сақталады.