Қазақстан Люксембург компанияларына қолайлы жағдай жасауға дайын - министр

Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Люксембург Ұлы Герцогтігінің Сыртқы және еуропалық істер министрі Жан Ассельборнмен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Біздің ел сияқты, Люксембург те БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланған. Қазір біз БҰҰ Адам құқықтары кеңесінде қоян-қолтық жұмыс істеп жүрміз. Ең бастысы, өңірлік және көптеген халықаралық мәселеге ұстанымдарымыз да ұқсас. Бастамаларымызға өзара қолдау көрсетіп келеміз. Қазақстан мен Люксембург халықаралық құқық принциптерін басшылығына алып, БҰҰ Жарғысына сәйкес территориялық тұтастық пен егемендікті, ішкі істерге араласпау, қақтығыстарды бейбіт жолмен шешу, тату көршілік пен ынтымақтастық қатынастарын толық қолдайды, - деді Мұрат Нұртілеу.

Нұртілеудің айтуынша, екі ел министрлері халықаралық және аймақтық өзекті мәселелер бойынша және Орталық Азия, Ауғанстан аймақтық интеграциялық үдерістері туралы пікір алмасқан.

Сауда-экономикалық ынтымақтастықты әрі қарай дамыту біз үшін байланыстарды дамытудың тиімді драйвері. Сондықтан, біз оған ерекше көңіл бөлеміз. 2022 жылы алыс-берісіміз 2,5 есеге өссе, биылғы қаңтар-сәуір аралығында тауар айналымы 4,5 есеге артты. Келіссөздерде айтылғандай, бұл қолда бар потенциалдың шегі емес. Сәйкесінше, біз бірігіп жаңа мүмкіндіктер іздеуге келістік. Нақты тоқталсам, Люксембург сауда-өнеркәсіп палатасының Қазақстанға сапарын ұйымдастырып, оның барысында өзара мүдделік танытатын бағыттарды ортаға салмақпыз, - деп мәлімдеді Қазақстан Сыртқы істер министрі.

Министр Қазақстан тарапы нарығымызға кіруге ниетті Люксембург компаниялары үшін қолайлы жағдайлар жасауға, даяр өнімдерді сыртқы нарыққа бірге шығаруға дайын екенін айтады.

Еуропаның ірі жүк әуе компанияларының бірі «КаргоЛюкс» Астана халықаралық әуежайы арқылы Еуропа - Азия бағытында рейстер ашуы ортақ күш-жігеріміздің жемісі әрі болашаққа сенім ұялататын оқиға. Осылайша, біз Қазақстанның батыс пен шығысты байланыстыратын көпір ретіндегі әлеуетін тағы да айқын көрудеміз. Сонымен қатар, көлік пен ғарыш кеңістігін бейбіт мақсатта зерттеу және пайдалануда Қазақстан-Люксембург ынтымақтастығын күшейтудің әлеуеті зор. Бүгін аталған салаларға тиісті құжаттарға қол қойылды. Екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстардың өрісін кеңейтудің перспективалары айтарлықтай деп санаймыз. Осы орайда, біз бүгін мәртебелі қонағымызбен екі ел азаматтарының арасындағы байланыстарды кеңейту жолдарын талқылауға үлкен мән бердік, - деді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Ақорда
Өзгелердің жаңалығы