19 Қараша 2026, 12:54 Фото: Туризм жəне спорт министрлігі

Қазақстан легионерлерді бюджеттен қаржыландыруды тоқтатты: Спортта 8 млрд теңге үнемделді

Қазақстанда кәсіби спортты қаржыландыру тәртібі өзгерді. Енді легионерлерге бюджет қаражаты есебінен ақы төлеуге заң жүзінде тыйым салынған. Сонымен қатар кәсіби клубтарды қаржыландырудың бірыңғай шектері белгіленді. Нәтижесінде 2026 жылы бюджеттен легионерлерге жұмсалатын шығындар алынып тасталып, реформалардың жалпы экономикалық тиімділігі 8 млрд теңгеден асты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, үнемделген қаражат балалар мен жасөспірімдер спортын, бұқаралық спортты, ұлттық құрамаларды даярлауды және спорт инфрақұрылымын дамытуға бағытталып жатыр.

Спортшылар мен жаттықтырушыларға қанша төленеді?

Спорт саласындағы реформалар аясында спортшылар мен жаттықтырушыларды әлеуметтік қолдау шаралары да өзгерді. Енді өңірге қарамастан, оларға төленетін ай сайынғы ең төменгі төлем мөлшері бірдей белгіленген.

Атап айтқанда, Олимпиада және Паралимпиада ойындарында жеңіске жеткен спортшыларға кемінде 250 айлық есептік көрсеткіш (1 081 250 теңге), ал олардың жаттықтырушыларына 125 АЕК (540 625 теңге) төленеді.

Қазақстан чемпионаттарында жеңіске жеткен спортшыларға кемінде 60 АЕК (259 500 теңге), жаттықтырушыларына 30 АЕК (129 750 теңге) қарастырылған.

Паралимпиада спортшыларының көмекшілеріне жаңа мәртебе берілді

Бұдан бөлек, бірінші топтағы мүгедектігі бар спортшылардың көмекшісі мәртебесі алғаш рет заңмен бекітілді.

Бұл шараны іске асыруға 2025-2027 жылдары 1,5 млрд теңге бөлінген.

Министрдің мәліметінше, аталған қолдау шараларының тиімділігі биылғы қысқы Паралимпиада және Азия Пара ойындарында қазақстандық спортшылар көрсеткен нәтижелерден де байқалған.

Айта кетейік, бұған дейін жаттықтырушыларға 30% үстемеақы, әр балаға жылына 415 мың теңге белгіленгені, спорт саласында не өзгеретіні хабарланды.