Қазақстан лаулап жанып жатқан тұрақсыздықтың ішіндегі тұрақтылық аралы сияқты - Ерлан Қошанов
ҚР Парламенті мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов журналист Нартай Аралбайұлына сұхбат берді. Журналист Ерлан Қошановқа "Қазір әлемдегі геосаяси жағдай өте күрделі. Қазақстанның айналасының бәрі соғыс. Осындайда Қазақстанның да отқа оранып кетпесіне кім кепіл?" деп сұрады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Биыл әлемдегі жағдай күрт өзгеріп, шиеленісіп кетті. Маңайымыздың отқа оранып жатқаны да рас. Ресей мен Украина арасындағы қақтығысқа бүкіл батыс елдері қосылды. Алысқа бармай-ақ маңымыздағы көрші Орта Азия мемлекеттерінің арасында да қақтығыстар болып жатыр. Мұның бәрі сын-қатерлердің алыста емес екенін көрсетеді. Президентіміздің ішкі және сыртқы саясаты осы қауіп-қатердің мемлекетімізге келмеуіне, оған жол бермеуге бағытталған, - деді ҚР Парламенті мәжілісінің төрағасы.
Ерлан Қошанов жыл басында болған қайғылы Қаңтар оқиғасы жайлы айта кетті.
Қаңтар оқиғасы, өкінішке қарай, елімізде күйзеліске толы қайғылы күндердің бірі болып қалып отыр. Қаңтар оқиғасы мемлекетіміздегі жылдар бойы қордаланған, жиналған мәселелердің бар екенін көрсетті. Соған жауап ретінде президент наурыз айындағы Жолдауында саяси реформалар жариялады. Оны жаздың басында бүкіл халықтың басым көпшілігі референдумда қолдады. Қаңтар оқиғасы ішкі саясатымызға, ішімізде болып жатқан сын-қатерлерге, мәселелерге берілген жауап болды. Сырттан келетін қауіп-қатер жоқ емес. Қазақстан маңайымыздағы лаулап жанып жатқан тұрақсыздықтың ішіндегі тұрақтылық аралы сияқты болып отыр. Оны көре алмайтын, арамызда дүрдараздық тудырғысы немесе біздің осы тұрақтылықты бұзғысы келетін сыртта да, іште де күштер бар екенін бүкіл қоғам біліп, сезіп отыр деп ойлаймын. Осының барлығын болдырмау үшін президент сыртқы саясатты белсенді және байсалды түрде жүргізіп отыр, - деді Ерлан Қошанов.
Ол мемлекеттің сыртқы және ішкі саясатын айқындайтын, жүрізетін президент екенін еске салып, бір ай ішінде Қазақстанда болған ауқымды саяси оқиғаларды тізіп берді.
Көптен бері ешбір мемлекетке шықпаған Рим папасы Қазақстандағы Дәстүрлі діндер съезіне қатысып, ой-пікірін бөлісіп, ұстанымдарын айтып кетті. Соның ішінде Қазақстан үшін, ұлтымыз үшін Абайдың философиясын, домбырамыздың қасиетіне дейін тарқатып айтқаны есте қалды. Домбыратанушы, Абайтанушылардың өзі білмейтін қырларын айтып, әлемдік деңгейге көтеріп кетті. Қазақстан тарихында қалатын оқиға. Қытайдың бірінші басшысы Си Цзиньпин келіп, Қазақстанның тәуелсіздігі мен тұрақтылығы, аумақтық тұтастығы туралы айтқан сөзін бәріміз білеміз. Кеше ғана Азия саммитіне 11 елдің президенті, 50-ден астам мемлекеттің делегациясы қатысты. Әлемдік деңгейдегі саммитте маңызды шешімдер қабылданды. Кеңестің деңгейінде ғана болған саммит толыққанды ұйымға айналды. Осы саммиттен кейін бірден ТМД елдерінің, Орталық Азия мен Ресейдің саммиті өтті. Әлемдегі жағдайды тұрақтандыру мәселесі қозғалды. Осы саммиттердің аясында арасында түсініспеушілік болып жүрген мемлекет басшылары Астанада тікелей келіссөздер өткізді. Кездесулердің барлығы Қазақстанның әлемдегі жағдайды тұрақтаруға бағытталған қосқан үлесі деуге болады. Президенттің айтып жүрген ұстанымы - сыртқы саясатта еліміздің мүддесі, тәуелсіздігіміз, аумағымыздың біртұтастығы сақталуы керек, - деді Парламент спикері.