Қазақстан Кувейтке ет экспорттау жөнінде келісімге келді

Қазақстандық Eurasia Agro Semey компаниясы кувейттік ALMARAI National Co. компаниясымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы Қазақстанның Кувейттегі елшілігі мәлімдеді. Бұл келісім қазақстандық ет өнімдерін тұтынушыларының саны 400 миллионнан асатын нарыққа шығарудың маңызды қадамы болмақ.

Кувейт ішкі азық-түлік қажеттілігінің 90 пайыздан астамын импорт есебінен қамтамасыз етеді, бұл оны сыртқы жеткізілімдерге тәуелді мемлекетке айналдырады. Алайда Қазақстан үшін Кувейт тек өткізу нарығы ғана емес, бүкіл Таяу Шығысқа шығатын стратегиялық логистикалық хаб болып саналады, – деп жазылған елшіліктің хабарламасында.

Қазақстанның Кувейттегі елшісі Ержан Елекеевтің айтуынша, кувейттік жеке сектордың кең өкілдік желісі Қазақстан өнімдерінің өңір елдеріне шығуына тиімді мүмкіндік береді. Елшілік қазақстандық жоғары қосылған құны бар өнімдердің Таяу Шығыс нарығына тікелей шығуын жеңілдету мақсатында іскерлік байланыстарды дамытуға белсенді түрде жәрдем көрсетіп келеді.

Айта кетейік, Eurasia Agro Semey компаниясы бүгінгі таңда Абай облысында заманауи ет өңдеу кешенін салу бойынша ауқымды инвестициялық жобаны жүзеге асырып жатыр. Ол жоспар бойынша, бір ауысымда мың бас ұсақ және жүз бас ірі қара малын өңдеу, тәулігіне 5 тоннаға дейін консерві және 3 тоннаға дейін шұжық өнімдерін өндіру қуатына ие болмақ.

Кәсіпорынды толық іске қосу 2026 жылдың тамызына жоспарланған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: depositphotos.com
Өзгелердің жаңалығы