Қазақстан курорттары – 2025: туристер қайда барады және қандай қиындықтарға тап болады?

2024 жылы қазақстандықтар ел ішіндегі демалыс аймақтарына, курорттар мен санаторийлерге шамамен 600 млрд теңге жұмсаған. Бұл туралы Energyprom сарапшылары мәлімдеді. Бұл – шетелге сатып алынған жолдамаларға кеткен шығыннан екі есе көп. Алайда ішкі туризмге деген қызығушылық пен шығын көлемі артып жатқанына қарамастан, тұрғындар лайықты сервисті ала алмай отыр. Инфрақұрылымның жоқтығы, жоғары бағалар мен сапасыз қызмет көрсетуге қатысты шағымдар мемлекет басшысына дейін жетіп, Президент барлық туристік бағыттарды тәртіпке келтіруді тапсырды. Қазақстан өз табиғи әлеуетін толық пайдалана алмай отырғанының себебі неде және ел ішінде демалу қашан қолжетімді әрі жайлы болады? Бұл сұрақтарға BAQ.KZ тілшісі жауап іздеді.

Туристер саны көбейді, бірақ сапа артпады

Өткен жылы ел ішінде саяхаттаған азаматтардың саны 10,5 миллионнан асты. Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, әрбір екінші қазақстандық өз елінде саяхаттаған. Сонымен қатар, Қазақстанға 15,3 млн шетелдік келген. 2025 жылдың алғашқы үш айындағы Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, Қазақстанға көбіне Ресей, Қытай, Үндістан, Түркия, АҚШ және Өзбекстаннан туристер келген.

2024 жылы ең танымал аймақ Алматы тау кластері болды – 2,7 млн адам барған. Одан кейін Маңғыстау облысы – 400 мыңнан астам, ал үздік үштікті Щучинск-Бурабай курорт аймағы түйіндеді – 347 мыңға жуық адам барған. Бұл тізімде сондай-ақ Балқаш пен Алакөл курорттары бар. Жалпы Қазақстанда 20 туристік аймақ бар.

2025 жылдың алғашқы үш айында елдің курорттарына 883 349 адам барған. Бұлардың басым бөлігі Алматы тау кластеріне келген – 637 700 адам. Щучинск-Бурабай аймағына – 78 265, Маңғыстауға – 53 757, Алтайға – 43 152, Түркістан аймағына – 30 740 турист барған.

Алакөл инфрақұрылымын сынға алған Президент тапсырмасы

Президенттің соңғы сыны ең алдымен Алакөл жағалауындағы инфрақұрылымға бағытталды. Бұл курорт жылдар бойы сұранысқа ие болса да, жергілікті билік оны әлі күнге талапқа сай ете алмай отыр. Демалушылардың айтуынша, логистика – басты мәселе. Алакөлге жету қиын: пойыз билеттері алдын ала сатылып кетеді, ұшаққа да орын табу оңай емес. Жеке көлікпен келетіндер жанармай тапшылығына тап болады – сұраныстың көптігінен жергілікті жанармай бекеттерінде бензин жетпей қалады.

Сонымен қатар, туристер байланыстың нашарлығына, дүкендердегі жоғары бағаларға шағымданады. Бірақ ең үлкен мәселе – қоқыс жәшіктері мен әжетханалардың жетіспеушілігі.

Бұл мәселелер тек Алакөлде емес, елдегі барлық танымал курорттарда кездеседі.

84 мың теңгелік бөлме – лас бөлме мен түсініксіз қызмет

Астаналық Алтынай Жұмжұмина отбасы бірге Баянауылдағы Жасыбай көлінің маңында демалған. Instagram желісінен тапқан демалыс орны фотода тартымды көрінген соң, алдын ала тәулігіне 84 мың теңгеге екі ересек пен екі балаға нөмір брондаған. Бұл бағаға үш мезгіл тамақ та кірген.

Алайда келген сәттен бастап көңілдері қалған:

Бөлмеге кірген бойда лас екенін байқадық. Жуынатын бөлмеде шаш пен қоқыс болды, унитаз кір, еденде ескі, кір кілемшелер. Қызметкерлердің формасы жоқ, кейбірі салақ киінген, кім жұмысшы, кім демалушы – ажырату мүмкін емес. Біз ақша төлеп отырмыз, ал көрсетілген сервис оған сай емес, – дейді ол.

Кейін оларға жаңа корпусқа көшу ұсынылды, бірақ ол қымбатырақ әрі тамақтану бағасына кірмейді. Әкімшілік келісе отырып, тамақтану шартын сақтап қалған.

Бизнес сапа көтере алады, бірақ инфрақұрылым – мемлекеттің міндеті

ШҚО тұрғыны Ермек Әбдірахманов бірнеше жылдан бері Бұқтырма су қоймасындағы үйін туристерге жалға беріп келеді. Самар ауданындағы үй табиғаты тамаша жерде орналасқанымен, байланыс пен жарық мәселесі шешілмеген.

Әкімдік жыл сайын байланыс уәде етеді, бірақ ештеңе жоқ. Электр энергиясын жеке кәсіпкер қымбатқа сатады. Мемлекеттік желі жоқ. Жол мен баға – бөлек мәселе. Түнде тыныштық жоқ – кейбір демалушылар ішімдік ішіп, музыка қосып, түнде айқайлайды. Тәртіпті қадағалайтын патруль де жоқ, – дейді ол.

Инвестиция артып жатыр, бірақ қонақүйлер жартылай бос

Туризм саласына салынған инвестиция көлемі 2025 жылдың алғашқы тоқсанында 670 млрд теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда үштен бірге артқан. Қонақүйлер үш айда 1,5 млн бөлме сатқан. Бір төсек-орынның орташа тәуліктік бағасы 14 мың теңге. Бірақ қонақүйлердің орташа толымдылығы – небәрі 30%.

"Ақша инфрақұрылымға емес, фестивальдерге кетіп жатыр"

Мәжіліс депутаты Ирина Смирнованың пікірінше, Қазақстанда туризмге табиғи әлеует жетеді, бірақ кадр, бақылау және инфрақұрылымға инвестиция жетіспейді.

Мемлекет бөлетін қаржы инфрақұрылымға емес, ішкі және шетелдік фестивальдерге жұмсалып жатыр. "Kazakh Tourism" ұлттық оператор ретінде туризмді дамыту емес, тек формальді шараларға қатысады. Ол кадр даярлау мен қызмет көрсету стандарттарын реттеуі керек еді, бірақ ондай жұмыс жоқ, – дейді ол.

Смирнованың айтуынша, шетелдік гидтер Қазақстан туризмін өз елдеріне бағыттап отыр, ал отандық мамандарды ешкім қолдамайды.

Көлік пен жол – тағы бір ауыр түйін

Билеттер қымбат болса да, алдын ала сатылып кетеді. Ұшақпен жету қиын, пойыздар жиі кешігеді. Кейбір вагондар – ескі, терезесі ашылмайды, иісі қолқаны қабады. Жол сапасы да көңіл көншітпейді, – дейді депутат.

"Ғылыми зерттеусіз туризмді дамыту мүмкін емес"

"Туристік Қамқор" қорының төрағасы, Қазақстан туроператорлар қауымдастығының президенті Инна Рей отандық туризмнің іргетасын қалаған тұлғалардың бірі. Ол елімізге нақты ғылыми-зерттеу институты қажет екенін айтады.

Қазір біз "Мен Америкада болдым – солай жасайды, біз де жасайық" деген логикамен саясат жүргізіп жатырмыз. Туризмді дамытуға бірізді, ғылыми негіз қажет, – дейді ол.

Инна Рей туризмге тек жеке бизнес жауапты деген пікір – қате екенін алға тартады. Инфрақұрылымды мемлекет қалыптастыруы тиіс. Туроператорлар тек делдал ғана.

Курорттардағы түйткілдер: бағадан бастап қоқыс жәшігіне дейін

Президенттің сынынан кейін Үкімет вице-премьер Ермек Көшербаевтың басшылығымен арнайы комиссия құрып, елдегі курорттарды аралады. Тексеріс барысында бағаны реттеудің болмауы, қоқыс жәшіктері мен әжетханалардың жетіспеуі, жағажайда құтқарушылар пунктінің болмауы сынға алынды.

Тексеріс Алматы, Қарағанды, Жетісу және Абай облыстарында бірқатар заңбұзушылықтарды анықтап, әкімдер мен вице-министрге сөгіс жарияланды.

Туризм – жүйелі саясатты талап ететін сала

Ішкі туризмге қызығушылық бар, бизнес те бет бұрып жатыр. Бірақ инфрақұрылым, сапа, кадр және стратегия жетіспейді. Бұл салаға хаостық бастамалар емес, жүйелі мемлекеттік саясат қажет. Әйтпесе миллиардтаған теңге жұмсалса да, нәтижесі мардымсыз болмақ.

Еске салсақ, бұған дейін Алакөлден Шарм-эш-Шейх арзан екені туралы жазған едік. 

Сондай-ақ, туризмнің ошағына баланған аймақ – Балқаш көліндегі демалыстың жай-күйі туралы да хабарладық.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы