Турнирдің оныншы мерейтойлық додасына еліміздің 16 өңірінің құрамалары қатысып жатыр. Жарыстар «Beeline Arena» Ұлттық теннис орталығының ашық корттарында өтіп жатыр.
20 тамызда турнирдің плей-офф кезеңінің матчтары өтті. Ұлдар арасында Астана-1 Ақмола облысының құрамасын 3:0 есебімен сенімді жеңсе, Астана-2 дәл осындай есеппен Қарағанды облысынан басым түсті. Алматының бірінші командасы Алматы-2 командасын 2:1 есебімен жеңді, ал Ақтөбе облысының құрамасы Қызылорда облысын 2:1 есебімен ұтты.
Қыздар арасындағы жарыста жүлделі орындар үшін күресті Астана-1, Алматы-1, Астана-2 және Жамбыл облысы жалғастырады. Елордалық командалар плей-офф матчтарында 3:0 есебімен жеңіске жетті: Астана-1 Алматы-2 командасынан, ал Астана-2 Ақтөбе облысынан басым түсті. Алматы-1 де Атырау облысын 3:0 есебімен жеңсе, Жамбыл облысының командасы Қарағанды облысын 2:1 есебімен ұтты.
21 тамызда жартылай финалдық кездесулер өтеді. Ұлдар арасында финал жолдамасы үшін Астана-2 мен Алматы-1, сондай-ақ Астана-1 мен Ақтөбе облысы сынға түседі. Қыздар арасында Астана-1 – Алматы-1 және Жамбыл облысы – Астана-2 кездесулері өтеді. Алғашқы матчтар сағат 09:00-де басталады.
Әр өңірлік құраманың сапына үш ұл, үш қыз және екі капитан кіреді. 12 жасқа дейінгі теннисшілер арасындағы Қазақстан кубогының оныншы мерейтойлық додасының жеңімпаздары мен жүлдегерлері турнирдің шешуші матчтарының қорытындысы бойынша анықталады.