Қазақстан көші-қон саясатын жаңартып, визалық режимді жеңілдетуде
Мамандардың айтуынша, бұл өзгерістер елге ұзақ мерзімге қоныстануға ниетті азаматтарды сапалы іріктеуге және көші-қон үдерістерінің ашықтығын арттыруға бағытталған.
Қазақстан Республикасы шетелдік инвесторлар, кәсіпкерлер және білікті мамандар үшін елге кіру мен жұмыс істеу тәртібін жеңілдетіп, ашық әрі теңгерімді көші-қон саясатын дамытып келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
Мемлекеттік саясат аясында виза рәсімдеу, рұқсат құжаттарын алу және инвестициялық жобаларды сүйемелдеу процестері оңтайландырылуда. Бұл шаралар шетелдік бизнес өкілдері мен инвесторларға арнайы визалық режимдер мен жеделдетілген өтінім қарау мүмкіндігін пайдалануға жол ашады.
Сондай-ақ сұранысқа ие мамандықтар бойынша шетел азаматтарына жұмыс істеуге жеңілдетілген шарттар қарастырылған. Олардың қатарында ақпараттық технологиялар, денсаулық сақтау, инженерия, креативті индустрия және жаратылыстану ғылымдары салалары бар.
Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер азаматтары үшін еңбек нарығында еркін жұмыс істеу мүмкіндігі сақталған. Ал одаққа кірмейтін мемлекеттердің азаматтары үшін жұмыс күші квота жүйесі арқылы реттеледі.
Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі бұл механизм жұмыс күшінің еркін қозғалысын қамтамасыз етіп, аймақтық экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етуде.
2026 жылдың басынан бері Қазақстанда шетелдік жұмыс күшін тартуға 5,1 мың рұқсат беріліп, еңбек иммигранттарына шамамен 75 мың рұқсат рәсімделген. Жалпы квота 2026 жылға 23,6 мың адам деңгейінде бекітілсе, еңбек иммигранттары бойынша 221,8 мың адамға дейін белгіленген.
Сонымен қатар тұрақты тұруға рұқсат беру тетігі жаңартылып, цифрлық бағалау жүйесі енгізілуде. Ол үміткердің мемлекеттік тілді білу деңгейін, цифрлық деректерін және басқа да критерийлерді кешенді түрде бағалауға негізделген.
Мамандардың айтуынша, бұл өзгерістер елге ұзақ мерзімге қоныстануға ниетті азаматтарды сапалы іріктеуге және көші-қон үдерістерінің ашықтығын арттыруға бағытталған.