Қазақстан көршілес елдерден электр энергиясын сатып алуды қашан тоқтатады?
Қазақстанда электр энергиясы саласындағы тапшылық қашан жойылатыны туралы Энергетика министрлігі мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазіргі таңда тапшылық тек "кешкі шарықтау сәттерінде", яғни электр қуатына сұраныс ең жоғары болатын уақыттарда ғана байқалады. Энергетика министрлігінің департамент басшысы Берден Оспанның айтуынша, бұл тапшылықты өтеу үшін Қазақстан көршілес елдерден – Ресей мен Өзбекстаннан электр энергиясын импорттап отыр.
Қазақстанның біртұтас энергетикалық жүйесінде 2021 жылға дейін электр энергиясы мен қуатының артық мөлшері болған. Алғаш рет тапшылық 2022 жылы тіркелді. Мәселен, 2022 жылы елімізде 112,8 миллиард киловатт-сағат электр энергиясы өндірілсе, тұтыну 112,9 миллиардты құрады.
2023 жылы да генерация – 112,8 млрд кВт/сағ деңгейінде қалды, алайда тұтыну 115 миллиардқа дейін өсті. 2024 жылы өндіріс көлемі 117,9 миллиард киловатт-сағат, ал тұтыну 119,9 миллиардты құрады, – деді ол.
Өткен жылы Ресей Федерациясынан 2,2 миллиард киловатт-сағат көлемінде жоспарлы электр энергиясы импортталған. Энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында министрлік 2035 жылға дейінгі энергетика саласын дамыту жоспарын әзірледі. Бұл құжат аясында қолданыстағы станциялар жаңғыртылып, қуаттылығы 26 гигаваттан асатын жаңа электр станциялары салынады деп жоспарланған.
Берден Оспанның айтуынша, алғашқы жобалар 2026 жылдың соңына дейін іске қосылады. Ал 2022 және 2024 жылдары жарияланған аукциондар аясындағы жобалар 2027 және 2028 жылдардың соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Осылайша, 2027 жылдың соңында Қазақстанда электр энергиясы бойынша профицит қалыптасуы мүмкін.
Бұл жоспар аясында жалпы қуаттылығы 5 ГВт-тан асатын қолданыстағы станцияларды жаңғырту, қайта жаңарту және кеңейту көзделіп отыр. Сонымен қатар, қуаттылығы 10,5 ГВт болатын жаңа базалық генерация салу жобалары әзірленуде. Бұған қоса, қуаттылығы 2,4 ГВт болатын АЭС және 8,5 ГВт-тық жаңартылатын энергия көздері бойынша жобалар да жоспарға енгізілген, – деді спикер.
Қазіргі таңда төрт бу-газ қондырғысы құрылысының жобалары іске асырыла бастады. Олар Түркістан, Қызылорда, Ұлытау облыстары мен Алматы қаласында салынады. Ал 2024 жылғы аукционның қорытындысы бойынша тағы төрт жоба анықталды. Олардың жалпы қуаттылығы 700 мегаватты құрап, Ақтөбе, Жамбыл және Атырау облыстарында жүзеге асырылады.