Қазақстан көпполярлы әлемде сенім мен тұрақтылықтың еуразиялық тірегіне айналуда – сарапшылар пікірі
Бұл туралы ресейлік Выбор народа басылымында жарияланған сараптамалық материалдарда айтылды. Саяси процестерге баға берген сарапшылар Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сыртқы және ішкі саяси бағыты елдің суверенитетін нығайтуға және ұзақ мерзімді тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Саяси сараптамалық топтың өкілі, эксперт Владимир Кузнецов Президент Тоқаевтың БҰҰ Университетінде (Токио) оқыған дәрісіне тоқталып, Қазақстанның жаңа геосаяси көзқарасын айқындағанын атап өтті. Оның айтуынша, Тоқаев көршілес ірі державалармен бәсекелестікке емес, тең құқықты әрі өзара тиімді ынтымақтастыққа негізделген жаңа парадигманы ұсынды. Бұл тәсіл Қазақстанды Еуразия кеңістігіндегі стратегиялық сенім орталығына айналдыруға бағытталған.
Сарапшы Қазақстанның Ресей, Қытай және Орталық Азия елдерімен стратегиялық серіктестікті артықшылық ретінде қарастыратынын, сонымен қатар АҚШ, Еуропалық одақ, Таяу Шығыс пен Ғаламдық Оңтүстік елдерімен байланысын тең дәрежеде дамытып отырғанын атап өтті. Ресеймен арадағы қарым-қатынасқа келсек, 2025 жылғы 12 қарашада Владимир Путин мен Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған жан-жақты стратегиялық әріптестік пен одақтастық туралы декларация өзара сенімді нығайтуға бағытталған маңызды құжат ретінде бағаланды.
Ал «Саяси сарапшылар тобының» жетекшісі, саясаттанушы Константин Калачев Қазақстанда жоспарланып отырған конституциялық реформаларға тоқталды. Оның пікірінше, саяси жүйені жаңарту тәуекелдерді азайтып, билік институттарының дағдарыс жағдайларына жедел әрекет ету қабілетін арттыруға бағытталған. Реформа аясында Сенатты таратып, заң шығару өкілеттігін күшейтілген Мәжіліске шоғырландыру көзделіп отыр.
Сарапшы бұл өзгерістер парламентаризмді нығайтып, азаматтарды шешім қабылдау үдерісіне кеңінен тартуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Сонымен қатар, билік пен қоғам арасындағы сенімді сақтаудың маңызы ерекше екені айтылды. Калачевтің пікірінше, саяси тұрақтылықпен қатар экономикалық өсім мен халық табысын арттыру да Қазақстан үшін стратегиялық басымдық болып қала береді.
Сарапшылар Қазақстанның көпвекторлы саясаты мен саяси реформалары елдің суверенитетін нығайтуға, ал көршілес елдермен өзара сыйластыққа негізделген серіктестік бүкіл өңірдің тұрақтылығына қызмет ететінін атап өтті.