Қазақстан Конституциясына қандай өзгерістер енгізілді

Бүгін – Конституция күні. 1993 жылы қабылданған еліміздің басты құжатына осымен 28 жыл болып отыр. Осынау уақыт ішінде құжат бірнеше рет өзгеріп, толықтырылды. Осы ретте Ата заңымызға қандай өзгерістер енгізілгенін еске түсіріп көрелік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жыл сайын халқымыз 30 тамыз күні Конституция күнін атап өтеді. Бұл күні Қазақстан халқы демалады.

Конституция қандай құжат?

Конституция – еліміздің ең басты әрі маңызды заңы. Ең алғаш рет ҚР Конституциясы 1995 жылы 30 тамызда қабылданды. Еліміздің басты құжатында Қазақстан демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде көрсетілген және оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары екені сөзсіз.

Одан бері құжат бірнеше рет өзгертіліп, толықтырылды.

Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерiнде мемлекеттiлiк құра отырып, өзiмiздi еркiндiк, теңдiк және татулық мұраттарына берiлген бейбiтшiл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзiлiк қоғамдастықта лайықты орын алуды тілей отырып, қазіргі және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершілігімізді сезіне отырып, өзіміздің егемендік құқығымызды негізге ала отырып осы Конституцияны қабылдаймыз, - делінген Ата заңда.

2-бапта жазылғандай, Қазақстан Республикасы - президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет. Сондай-ақ құжатта мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық екені айтылған.

  • Қазақстан Республикасында билікті ешкім де иемденіп кете алмайды. Билікті иемденіп кетушілік заң бойынша қудаланады.
  • Жер жəне оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады. Жер, сондай-ақ заңда белгіленген негіздерде, шарттар мен шектерде жеке меншікте де болуы мүмкін.
  • Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл - қазақ тілі.
  • Қазақстан Республикасының азаматтығы заңға сәйкес алынады және тоқтатылады, ол қандай негізде алынғанына қарамастан, бірыңғай және тең болып табылады.
  • Қазақстан Республикасында Конституцияға сәйкес адам құқықтары мен бостандықтары танылады және оларға кепілдік беріледі.
  • Заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең.

Қазақстан Республикасын қорғау – оның әрбір азаматының қасиетті парызы және міндеті.

Конституция қалай өзгерді?

28 жылда еліміздің Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар 6 рет енгізілді. Атап айтқанда, 1998, 2007, 2011, 2017, 2019 және 2022 жылдары.

1998 жылы Конституцияның 19 бабына түзету енгізілді. Президенттікке кандидаттың жас шегі 40-қа дейін көтерілді, 65 жасқа дейінгі шектеуді алынып тасталды. Сонымен қатар парламент депутаттарын партиялық тізіммен сайлау туралы және басқа да түзетулер енгізілді.

2007 жылғы мамырда Парламент палаталарының бірлескен отырысында елдің мемлекеттік құрылымының нысанына қатысты түзетулер енгізілді. Қазақстан президенттік-парламенттік басқару нысаны бар біртұтас мемлекетке айналды.

2017 жылғы наурызда «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойылды, оған сәйкес Президенттің бірқатар өкілеттігі биліктің басқа тармақтарына берілді.

2019 жылдың наурыз айында Конституцияға Қазақстан астанасының атын өзгерту бойынша түзетулер енгізілді.

Негізгі өзгерістер былтыр енгізілді. 2022 жылы 5 маусымда Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы республикалық референдум өтті. Жалпыұлттық референдумда қазақстандықтар Ата заңымыздың 33 бабына 56 өзгеріс енгізу үшін өз дауыстарын берді. 

2022 жылы қандай өзгерістер енгізілді?

· Қазақстан суперпрезиденттік басқару формасынан күшті парламенті бар президенттік формаға көшті;

· Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі;

· Президенттің жақын туыстарының саяси мемлекеттік қызметші, квазимемлекеттік сектор субъектісі басшылары лауазымдарын атқаруға құқығы жоқ;

· Қазақстандықтар өз бетінше Конституциялық сотқа жүгіне алады;

· Өлім жазасына тыйым салынады. Ешкімнің адам өмірін қиюға құқығы жоқ;

· Мәжілістің депутаттық корпусы аралас сайлау жүйесі бойынша құрылады;

· Сенаттағы президенттік квота қысқарады, мәжілістегі ҚХА квотасы жойылды;

· Мажоритарлық жүйе депутатты сайлаушылардың қалауы бойынша шақыртып алуға мүмкіндік береді;

· Тұңғыш президенттің ерекше рөлі мен артықшылықтары туралы ережелер алып тасталды.

Жалпы құқықтық жағынан алғанда негізгі өзгерістердің бірі — Конституциялық Соттың құрылуы болды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Артём Чурсинов
Өзгелердің жаңалығы