Қазақстан көміртегі бейтараптығына жету жолында Франциямен тәжірибе алмасады
Елдің ұзақ мерзімді мақсаты – 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу.
Астанада декарбонизация жөніндегі екінші Қазақстан-Француз форумы – Decarbonisation Day 2026 өтті. Жиынға екі елдің мемлекеттік органдарының өкілдері, кәсіпкерлер мен сарапшылар қатысты.
Форумда Қазақстанның Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров құттықтау сөз сөйлеп, климаттық саясатты ілгерілету, инвестиция тарту және озық экологиялық технологияларды енгізу бағытында екі ел арасындағы әріптестікті нығайтудың маңызын атап өтті.
Министрдің айтуынша, декарбонизация экономиканы жаңғыртуға, технологиялық дамуға және ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.
Қазақстан Париж келісімі аясында климаттық міндеттемелерін орындап келеді. Елдің ұзақ мерзімді мақсаты – 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу. Бұл бағытта парниктік газдар шығарындыларын азайту, энергия тиімділігін арттыру, өнеркәсіпті жаңғырту және жаңартылатын энергия көздерін дамыту көзделген.
Форумда Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Н. Құрмалаев ұлттық климаттық саясат пен көміртегін реттеу тетіктері туралы баяндама жасады. Ол парниктік газдар шығарындыларына арналған квоталар саудасының ұлттық жүйесі, көміртегі офсеттік жобалары және Париж келісімінің 6-бабын іске асыру тетіктері жөнінде мәлімет берді.
Қазақстанда 2013 жылдан бері парниктік газдар шығарындыларына арналған квоталар саудасы жүйесі жұмыс істейді. Ал 2026–2030 жылдарға арналған ұлттық жоспар бойынша квоталардың жалпы көлемі жыл сайын 2,31 пайызға қысқаруы тиіс.
Бүгінге дейін көміртегі офсеттері бойынша 62 жоба қаралып, есепке алуға мақұлданған көміртегі бірліктерінің көлемі шамамен 9,9 млн тонна CO₂-эквивалентін құраған.
Сондай-ақ биыл шілдеде Қазақстан Париж келісімінің 6-бабында көзделген халықаралық көміртегі нарықтарының тетіктерін қолданудың заңнамалық негізін қалыптастыратын заң қабылдады.
Форум барысында тараптар таза энергетика, өнеркәсіпті декарбонизациялау, энергия тиімділігі, көлік саласы және шығарындыларды бақылауда цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні қолдану бағытындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады.
Жиын тәжірибе алмасып, бірлескен бастамаларды талқылауға және Қазақстан мен Франция арасындағы климаттық әріптестікті нығайтуға мүмкіндік берді.