Қазақстан киберспорт құрамасы алғаш рет Азия ойындарында ел намысын қорғайды

Алматыда ҚР Киберспорт федерациясы Қытайдың Ханчжоу қаласында өтетін XIX Азия ойындарына дайындық барысы туралы баспасөз конференциясын ұйымдастырды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

23 қыркүйек пен 8 қазан аралығында Қытайдың Ханчжоу қаласында XIX Азия ойындары өтеді. Жарысқа Азия олимпиадалық кеңесіне кіретін 45 ел қатысады. Дегенмен, осы жылы өтетін Азиадада ерекшелік бар. Биыл Азиа ойындары аясында киберспорт алғаш рет дәстүрлі спорт түрлерімен бір қатарға шығып, киберспортшылардың жеңістері жалпы медальдық есепте ескерілетін болады.

Азия ойындары біз үшін наурыз айында басталды деуге болады. Сол уақыттан бері іріктеу ойындарына қатыстық. Өңірлік жарыстарда киберспортшыларымыз жақсы нәтиже көрсетіп, Азиадаға жолдама алды. Қазір біз 7 ойын түрінен дайындық жүргізіп жатырмыз. Оның ішінде Dota 2, League Of Legends, PUBG MOBILE ойындарына үлкен үміт артып отырмыз, – деді бас жаттықтырушы әрі Киберспорт федерациясының өкілі Темірлан Байдәулетов.

Киберспорттан Қазақстан құрамасы Азия ойындарында көрсетілген барлық ойын түрлеріне қатысқалы отыр. Олар: Dota 2, PUBG MOBILE, FIFA 23, League Of Legends, Hearthstone, Arena of Valor және Street Fighter V.

Киберспорт индустриясы елімізде қарқынды дамып келеді. Еліміздің Киберспорт федерациясы Әлемдік және Азия киберспорт федерацияларымен байланыста және барлық халықаралық жарыстарға қатысуға тырысамыз. Соңғы жетістіктеріміздің қатарында – Макаода өткен іріктеу ойындарындағы жеңістерді, PUBG MOBILE-дан Балидегі әлем чемпионатындағы жеңіс және өзгелері бар. Өзім Arena of Valor ойыны бойынша жарысқа қатысамын. Бұл Қазақстан үшін таңсық ойын болғанымен, өңірлік іріктеу жарысында 1 орын иелендік. Соның арқасында біз топтық кезеңге қатыспай, бірден плей-офф кезеңінде өнер көрсетеміз, – деді киберспорт федерациясының қызметкері және Arena of Valor ойын бойынша киберспортшы Ержан Шакеев.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы