16 Қараша 2026, 08:32 Фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Қазақстан Каспий экожүйесін сақтау бойынша халықаралық әріптестікті кеңейтпек

Министр бірлескен жұмысты жандандырып, мүдделі мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың күш-жігерін біріктіру қажеттігін айтты.

Анталья қаласында өтіп жатқан БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы Тараптары конференциясының 31-сессиясы (COP31) аясында Қазақстанның Экология және табиғи ресурстар министрі Ә. Қуантыров БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ-ның Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасының (ЮНЕП) Атқарушы директоры И. Андерсенмен кездесті.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен ЮНЕП арасындағы ынтымақтастықтың басым бағыттарын және экологиялық әрі климаттық мәселелерді бірлесіп шешу жолдарын талқылады.

Әңгіме барысында пластикпен ластануға қарсы күрес жөніндегі жаһандық келісімді әзірлеуге бағытталған халықаралық келіссөздерге ерекше назар аударылды. Тараптар Үкіметаралық келіссөздер комитетінің жұмысы туралы пікір алмасып, тиімді халықаралық шешімдер қабылдау үшін сындарлы диалогты жалғастырудың маңызын атап өтті.

Каспий теңізінің экожүйесін сақтау мәселесі де талқыланды. Министр бірлескен жұмысты жандандырып, мүдделі мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың күш-жігерін біріктіру қажеттігін айтты. Сондай-ақ теңіз ортасын қорғау және Каспий өңірінің биоалуантүрлілігін сақтау бағытындағы практикалық ынтымақтастықты дамыту мәселесіне тоқталды.

Кездесуде метан шығарындыларын қысқарту мәселелері де қозғалды. Қазақстан осы бағытта жүзеге асырып жатқан шараларының тәжірибесімен бөлісіп, халықаралық әріптестікті кеңейту мен озық тәжірибелер алмасудың маңызын жеткізді.

Сонымен қатар Қазақстан мен ЮНЕП арасындағы, оның ішінде Жаһандық экологиялық қор (ЖЭҚ) жобалары аясындағы өзара іс-қимылды нығайту мәселесі қаралды. Тараптар мақұлданған жобаларды уақытылы әрі тиімді іске асыру және жаңа бірлескен бастамаларды ілгерілету қажеттігін атап өтті.