Қазақстан кәсіптік және техникалық дағдылар бойынша 39 сатыға көтерілді
Қазақстан халқы мен жастар санының өсуі, сондай-ақ еңбек нарығындағы өзгерістер техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жаңғыртуды талап етеді.
2030 жылға қарай Қазақстан халқы 21,6 млн адамға, ал 15-28 жас аралығындағы жастар саны 4,6 млн адамға жетеді. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрдің айтуынша, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жаңғырту қажеттілігі демографиялық жағдай мен еңбек нарығындағы өзгерістерге тікелей байланысты.
2030 жылға қарай Қазақстан халқы 10%-ға өсіп, 21,6 млн адамға жетеді. Ал 15-28 жас аралығындағы жастар саны 29%-ға артып, 4,6 млн адамды құрайды.
Сонымен қатар колледж жасындағы, яғни 15-18 жас аралығындағы жастар саны 34%-ға өсіп, 1,1 млн адамнан 1,5 млн адамға дейін көбеймек.
Осы кезеңде еңбек нарығының жыл сайынғы кадрларға деген қажеттілігі 225 мыңнан 256 мың адамға дейін болады.
Сұранысы жоғары мамандықтардың 70%-дан астамы техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне тиесілі, – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Министрдің айтуынша, бүгінде жұмыс берушілер кәсіби біліммен қатар коммуникативтілік, сыни ойлау, өзгерістерге бейімделу және цифрлық сауаттылық дағдыларына да басымдық беріп отыр.
Сондай-ақ Қазақстанның Жаһандық таланттардың бәсекеге қабілеттілігі индексіндегі көрсеткіштері жақсарған. Кәсіптік және техникалық дағдылар бойынша ел 122-орыннан 83-орынға көтеріліп, 39 сатыға жоғарылаған.
Әлемдегі технологиялық өзгерістер де мамандықтар құрылымына әсер етуде. Алдағы уақытта 200-ден астам жаңа мамандық пайда болып, 100-ге жуық мамандық трансформацияланады. Ал 125 мамандық бойынша сұраныс төмендейді.
Осы үрдістер техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін еңбек нарығындағы және технологиялық өзгерістерге алдын ала бейімдеуді талап етеді, – деді Оқу-ағарту министрі.
Айта кетейік, бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстанда техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне бөлінетін мемлекеттік қаржы соңғы үш жылда 34,1%-ға өсті.
Сондай-ақ, колледж студенттерінің стипендиясы 43 мың теңгеге жетті. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Үкімет отырысында мәлімдеді.