Қазақстан кәсіпкерлерінің шетел нарығына шығу мүмкіндіктері артады
Үкімет кәсіпкерлікке қолдау көрсетудің қаржы құралдарын жетілдіріп, қаржыландыру көлемін ұлғайтып жатыр. Бұл туралы "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингінің басқарушы директоры Әлия Мырзағалиева айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Әлия Мырзағалиеваның айтуынша, бұған дейін мемлекеттік бағдарламалар арқылы қолдау көрсетілгенімен, қазіргі таңда бизнеске қаржы ресурстарына қолжетімділікті арттырудың жаңа, тиімді жолдары қажет.
2025 жылы “Бәйтерек” холдингі арқылы 8 трлн теңге инвестициялау жоспарланған. Бұл қаражат экономиканың басым секторларына бағытталады – шағын және орта бизнесті қолдау, ірі индустриялық жобаларды қаржыландыру, экспортты кеңейту және инфрақұрылымды дамыту. Бұрын кәсіпкерлер көбіне банктердің жоғары пайыздық мөлшерлемелері мен жеткілікті кепілзаттың болмауы салдарынан қаржыға қол жеткізуде қиындықтарға тап болатын. Ал қазір кепілдік беру құралдарын кеңейту арқылы бизнеске несие алу айтарлықтай жеңілдейді, - деді ол.
"Бәйтерек" холдингінің басқарушы директоры қаржыландыруды жүйелі түрде қайта қарап, оның тиімділігін арттыруға мән беріліп жатқанын айтты.
Осы мақсатта корпоративтік және жобалық қаржыландырудың жаңа тетіктері енгізілуде. Мысалы, “Бәйтерек” холдингі мен оның еншілес ұйымдары банктермен және халықаралық қаржы институттарымен бірлесіп, бизнеске бұрын-соңды болмаған қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Экспортты қолдау шаралары да кеңейіп, қазақстандық өнім өндірушілердің шетел нарығына шығу мүмкіндіктері артады, - деді маман.
Әлия Мырзағалиева қаржыландыру тетіктері әлдеқайда ыңғайлы әрі икемді болады деп сендірді.
Құжат айналымын цифрландыру, несиелер бойынша бірыңғай мөлшерлемені 12,6%-ға дейін төмендету, кепілдіктер беру жүйесін жетілдіру – осының бәрі кәсіпкерлерге жаңа мүмкіндіктер ашады. Үкіметтің бұл бастамасы еліміздегі өндірістің дамуына серпін беріп, қаржылық тұрақтылықты нығайтуға ықпал етеді, - деді ол.