Қазақстан каратэшілері Азия чемпионатында топ жарды

Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт және мәдениет сарайында өткен каратэден ересектер арасындағы I Азия ашық чемпионаты аяқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Биыл алғаш рет ұйымдастырылған жарыста Қазақстан құрамасының спортшылары 8 алтын, 8 күміс пен 14 қола медаль олжалап, жалпыкомандалық есепте 1-орынға ие болды. Екінші орынға Иран (3 алтын, 2 күміс, 3 қола) құрамасы жайғасса, үздік үштікті 2 алтын жүлдемен Біріккен Араб Әмірліктері қорытындылады.

Сары құрлық додасына алыс-жақын шетелден келген 10 құрамадан 140-қа жуық спортшы қатысты. Атап айтқанда, Алматы төрінде Германия, Үндістан, Иран, Қазақстан, Кувейт, Қырғызстан, Ресей, Түрікменстан, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктерінің ең мықты спортшылары сынға түсті.

Жарыстың соңғы күнінде командалық сында жүлделер сарапқа салынып, кумите бағдарламасында Қазақстан ерлер командасы алтын, ал әйелдер қола жүлдеге ие болды.

Отандық каратэшілерді I Азия ашық чемпионатында көрсеткен тамаша жетістігімен құттықтаймын. Мұның алдында жас жеткіншектеріміз де үздіктер қатарынан көрінсе, бұл жолы ересектер құрамамыз ел мерейін тасытты. Мұндай ірі жарыста, өз елімізде өткен байрақты бәсекеде үздіктердің үздігі болу қашанда маңызды. Сіздер бұл жетістіктеріңіз арқылы өскелең ұрпаққа зор үлгі көрсеттіңіздер, - деді Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев.

Бәсекеде алтын медальді Ұлмекен Жалғас (+68 кг), Бэлла Самашева (55 кг), Даяна Даренская (61 кг), Диас Анарбеков (+84 кг), Жоламан Биғабыл (60 кг), Ерсұлтан Тәңірберген (67 кг), Диас Ұлбек (84 кг) жеңіп алды.

Күміс жүлде ката бойынша Лия Қошқарбаева, Мәди Катешов, кумитеден Әйгерім Тұрсынбекова (50 кг), Гүлмира Үсенова (61 кг), Николь Ценгель (61 кг), Дархан Тимралиев (60 кг), Әбілмансұр Батырғали (75 кг), Айдос Мұхатқа (67 кг) бұйырды.

Сондай-ақ Ердос Кенжеғалиев (ката), Арина Якубина (+68 кг), Алина Сұлтанова (50 кг), Ақниет Шеризат (50 кг), Айжан Бакирова (61 кг), Венера Жақсыбаева (68 кг), Милана Власенко (68 кг), Айбек Шарап (60 кг), Дамир Нұрберген (75 кг), Азамат Марат (75 кг) және Никита Тарнакин (84 кг) қола медаль еншіледі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: gov.kz
Өзгелердің жаңалығы