Қазақстан ИЫҰ-ның 15-ші саммитіне қатысты

Гамбияда Ислам ынтымақтастығы ұйымының (ИЫҰ) 15-ші Саммиті өтті, оның жұмысына Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев бастаған қазақстандық делегация қатысты.

Іс-шараға қатысушылар халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелерін, оның ішінде Таяу Шығыс процесіне жәрдемдесу және ИЫҰ кеңістігінде орнықты дамуды қамтамасыз ету мәселелерін талқылады.

Қазақстандық делегация басшысы өз сөзінде мұсылман үмбетінің бірқатар елдерінде бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселелеріне Ұйымның белсенді қатысуының маңыздылығын атап өтті. Ол ғылым мен технология саласындағы жетекші 15 мұсылман елін біріктіретін «ИЫҰ-15» тобын құру жөніндегі қазақстандық бастаманың өзектілігін, сондай-ақ Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымының рөлін арттырғанын атап өтті. Қазақстанның Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттігін құру жөніндегі бастамасына ерекше назар аударылды.

Саммит аясында А. Бақаевтың Гамбия, Камерун, Кот-Д’Ивуар, Габон, Того, Сенегал және Буркина-Фасо сыртқы істер министрлерімен кездесулері өтті, олардың барысында екіжақты қатынастарды нығайту мәселелері талқыланды.

Іс-шара қорытындысы бойынша Банжул декларациясы мен Қорытынды коммюнике қабылданды, онда айтылған қазақстандық бастамалар көрініс тапты.

Ислам ынтымақтастығы ұйымы (2011 жылға дейін – Ислам конференциясы ұйымы) 1969 жылы құрылған. ИЫҰ Бас хатшылығы Жидда қ. орналасқан (Сауд Арабиясы Корольдігі).

Қазіргі уақытта ИЫҰ-да жалпы халқы 1,7 млрд-тан асатын 57 мүше мемлекет бар және БҰҰ-дан кейінгі екінші ірі халықаралық ұйым болып табылады. Қазақстан 1995 жылдың желтоқсанында ұйымның мүшесі болды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы