Қазақстан Италияға 100-ден астам тауар түрін экспорттауға әзір – Тоқаев

Италия — Қазақстанның үш ірі сауда серіктесінің бірі. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші “Орталық Азия – Италия” саммитінде мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

2024 жылы екіжақты тауар айналымының көлемі 24 пайызға өсіп, рекордтық 20 миллиард АҚШ долларына жетті. Соңғы жылдары елімізге тартылған итальян инвестициясының көлемі 7,6 миллиард доллардан асты. Қазақстанда итальян капиталы қатысатын шамамен 270 компания табысты жұмыс істеп жатыр. Олар мұнай-газ, баламалы энергетика, машина жасау және ауыл шаруашылығы сияқты салалардың дамуына елеулі үлес қосуда, – дейді Тоқаев.

Президенттің сөзінше, Қазақстан мен Италия арасындағы стратегиялық әріптестік тұрақты қарқынмен дамып келеді.

Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Премьер-министр Джорджа Мелони ханымға Қазақстан бастамаларын әрдайым қолдап келе жатқаны және елдеріміз арасындағы қатынастарды нығайтуға бағытталған маңызды жоспарлары үшін шынайы алғысымды білдіремін. Қазақстан екіжақты күн тәртібі аясында да, өңірлік форматта да өзара қызығушылық туғызатын барлық бағыттар бойынша Италиямен жемісті ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті. Осыған байланысты өзара іс-қимылымыздың перспективалық бағыттарына тоқтала кеткім келеді, – дейді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Тоқаев сауда-экономикалық байланысты тереңдету керегін айтады.

Әлемнің жетекші экономикалық орталықтары арасындағы тарифтік текетірестер барлық елдер үшін ауыр салдарға әкелуі мүмкін. Мұндай жағдайда бізге бұрыннан қалыптасқан сауда-экономикалық байланыстарды сақтау ғана емес, оларды нығайту үшін де күш біріктіру аса маңызды. Біздің ойымызша, бірлескен жобаларды іске қосуға, әсіресе жоғары қосылған құны бар шикізаттық емес өнімдер бағытында кеңейтуге ерекше назар аударуға болады, – дейді ол.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстан Италияға құны 1 миллиард доллар көлеміндегі 100-ден астам тауар түрін экспорттауға дайын екенін жеткізді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Ақорданың баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы